Созақ ауданында мал шаруашылығына елеулі көңіл бөлінуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында ауыл және мал шаруашылығы өнім өндірісін жолға қоюды тапсырған болатын.
Бұл талаптан бүгінгі таңда Созақ ауданының шаруалары шығып отыр. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтың айтуынша, ауданда ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 50 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада 7570,4 тонна ет, 6 652,9 тонна сүт, 1 762,8 мың дана жұмыртқа өнімдері өндірілген.
- Мал бағу оңай шаруа емес. «Мал – баққанға бітеді» дегендей, оның жайын табу, көктемде көктеуге, жазда жайлауға, күзде күзеуге, қыста қыстауға көшіріп, бабын жасау қиынның қиыны. Өйтпесең, бір орында, айтақырда тұрып мал қоң жинамайды. Малға да бап керек. Бабын тапсаң ғана табыс болады. Қазір шаруашылықта 16 мыңнан аса түйе бар. Жалпы Түркістан облысында 41 мың бас ойсылқара тұқымы бар. Оның 6,5 мыңы асыл тұқымды. Өңірде түйе сүтін өндіретін 10-ға жуық ірілі-ұсақты кәсіпорын жұмыс істейді. Шауралар биыл осы зауыттарға 3 мың тонна қымыран өткізген, - дейді аудан басшысы.
Ауданда мал бағып, шаруасын үйіріп отырған қожалықтың бірі - аудан халқын сапалы қымыранмен қамтып отырған шаруалардың бірі – Нұрбол Бисүгіров. Жас та болса ол бүгінгі күні бетпақ далаға 500 түйе, 100-ден астам жылқы өргізіп отыр. Бұл кәсіппен алдымен атасы, кейін әкесі, енді өзі айналысып жатқанын айтады.
- Біз осы шаруашылықпен 1973-тен бері атамыз Қошақан айналысқан. Атамыздан кейін әкеміз айналысты. Әкемізден кейін біз айналысып жатырмыз. Қожалықты өзім 2012 жылдан бері үйреніп, сауын түйемен айналысып жатырмыз. Соны айналдырамыз әйтеуір. Біздікі адал еңбек, - дейді ол.
Адал еңбек демекші, Созақ өңірінде түйе бағу оңай шаруа емес. Бірақ соған қарамастан түйе өсіру бұл әулеттің сүйікті кәсібіне айналған. Нұрбол мен Ағайшаның отау құрғанына 13 жыл болыпты. Қазір екеуі 30 түйені 1 сағаттың ішінде сауып үлгереді. Жарасымды жұптың тындырымды тірлігіне қарап, сүйсінбеске амал жоқ.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздегі шағын және орта кәсіпті дамытуға барынша қолдау көрсетіп отыр. Сол қолдауды өзіміз де сезініп, кәсібімізді дөңгелетіп келеміз. Біздің ұстанған жолымыз, ата-бабадан жалғасып келе жатқан мал шаруашылығы. Бұл елімізде қабылданған «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында мүмкін болуда. Мен де осы жобаның қатысушысының бірімін. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы қолға алып, жобаға қатысып, бағымды сынап, мал басын асылдандыруды қолға алдым. Бүгінде мал басын көбейтіп, ет және сүт бағытында жұмыс істеудемін. Алда шаруашылықты кеңейтіп, мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлаудамын, - дейді ол.
Жалпы Созақ ауданында бүгінгі күні «Ауыл аманаты» жобасына Қаратау, Қарақұр, Сызған және Шолаққорған ауылдық округтері қатысуда.
- Бұл кәсіпкерлер өңдеуші кәсіпорындарға өткізген түйе сүтіне мемлекеттік қолдау алады. Әр литріне 55 теңгеден төленеді. Одан бөлек ауыл шаруашылығы қолдау қоры арқылы 6, «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5 пайыз түйенің басын көбейтуге бағдарламалар жұмыс істеп жатыр. Мамандар мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен төмен пайыздық несие алып, мал басын көбейту үшін ауылдарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, - дейді аудан әкімі.
Қорыта айтқанда, бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты мал шаруашылығына қолайлы өңірде ауыл шаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді. Осы орайда, суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалмақшы.