Түлкібас ауданында 8 ауылдық округ «Ауыл аманаты» жобасына қатысуда
Мемлекет басшысы Жолдауларында агросаланы дамытуға басымдық беріп келеді. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы экономикамыздың маңызды саласы болып саналады.
Соның ішінде мал шаруашылығының алатын орны зор. Бүгінгі күні Түлкібас ауданында «Ауыл аманаты» жобасы Мичурин, Балықты, Рысқұлов, Шақпақ ауылдық округтерінде жүзеге асырылуда.
- Мемлекет басшысы Жолдауында «Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды. Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба Amanat партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек» деп атап өтті. Жобаға былтыр ауданымыздағы Мичурин, Балықты, Рысқұлов, Шақпақ ауылдық округтері еніп, жалпы құны 1 миллиард 396 миллион теңгеге 209 жоба қаржыландырылды. Түлкібас ауданында ауылдарды дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары және кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндік жасау, - дейді Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов.
Әкімнің айтуынша биыл ауданда «Ауыл аманаты» жобасына тағы 4 ауылдық округ енген. Олар Ақбиік, Кемербастау, Арыс және Жаскешу ауылдық округтері. «Ауданымызда 2024-2026 жылдар аралығында ауыл шаруашылық саласы бойынша 9,8 миллиард теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 192 жаңа жұмыс орны құрылады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатында 4 орта, 22 шағын, 6 қосалқы кәсіпорын, барлығы 32 кәсіпорын жұмыс істейді. Ауданда өнеркәсіп кәсіпорындарын дамыту мақсатында 2024-2026 жылдары өнеркәсіп саласы бойынша 447 миллиард теңгені құрайтын 11 жобаны сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі», - деді аудан басшысы.
Ал Шақпақ ауылдық округінде пейнеті шаш етектен келетін кәсіпті қорықпай бастап, бүгінде аяғынан тік тұрғызған шаруаның бірі – «Саят» шаруа қожалығы. Қожалық жетекшісі Саят Батыр отбасы бизнесін қолға алған 2006 жылдан бері шаруашылығын үнемі дамытып, жетілдіру үстінде.
«Жыртық үйдің Құдайы бар» демекші, кейінгі жылдарда ауыл шаруашылығын көтеруге арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар өз жемісін беріп келеді. «Ауыл аманаты» жобасы шаруамызды көтеріп, мал басын арттыруға көп септігі тиді. Осы жобаның арқасында мал басын көбейтіп, сүт және ет бағытында жұмыс істеуде.
- Мемлекет басшысы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға басымдық беріп отыр ғой. Соның арқасында шаруалар мен шағын және орта кәсіпкерлер несие алып, сүт және ет өндірісін жолға қоюда. Ал мал мен егін шаруашылығын қатар алып жүрген біз сияқты ауыл шаруашылығы құрылымдарына субсидия да қаралған. Сүтке, тыңайтқышқа субсидиялар берілуде. Оның игілігін ел көруде. Жалпы қандай кәсіп болмасын, оны бастау оңай шаруа емес. Кеңшардан бөлінген соң қолға тиген азынаулақ мал мен өз жұмысымызды бастадық. Әрине, бастапқыда түрлі қиындықтарға кездестік. Мал өзінен-өзі көбеймейді. Оның жем-шөбі, жайы болмаса, күтімі келіспесе төл ала алмайсың. Осының барлығын отбасыммен бірге еңсеріп, табандылықтың арқасында қожалықтың жұмысын жолға қойдық, - дейді Саят.
«Малды табу оңай, бағу өте қиын. Соның қиындығына төзген, азабына шыдаған адам ғана түптің түбінде пайдаға кенеледі. Мал өзі мал болмайды. Қазір бұрыңғыға қарағанда жағдай түзелді. Көп жұмысты техника атқарады. Бірақ, жұмыс істеймін, кәсіп ашамын деген адамға бүгінгі таңда барлық жағдай жасалған. Ең бастысы ынта керек» деген Саят, бүгінгі таңда үш адамты тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр.
Қазір шаруашылықта жетпіске жуық мүйізді ірі қара бар. Оның 20-сы сауынды сиыр. 30 басы бордақы. Қалғаны торпақ. Күнделікті сауылған сүт Т.Рысқұлов ауылындағы сыр зауытқа өткеріледі.
- Мал азығын өзіміздің егіс алқаптарынан дайындаудамыз. «Мемлекет басшысының Жолдауында «Біз әрдайым бизнеске көмек көрсетеміз», деуінің өзі, бүгінгі таңда шағын және орта бизнеске қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын аңғаруға болады. Әсіресе кәсібін жаңа бастаған жастарға қайтарымсыз қаржылай көмек көрсетуі, қолдау емей немене. Ендеше, ел жастары Үкімет қолдап тұрғанда бизнеске қорықпай кіріскендері абзал. Біз де мемлекеттің қолдауының, шаруаларға арнаған «Ауыл аманаты» жобасының арқасында төмен пайызбен несие алып, шаруамызды дөңгелетіп отырмыз. Шыны сол, мемлекеттің қолдауымен қора салдық, мал алдық. Енді, міне, біз де өңірдегі экономиканың артуына, облыстағы азық-түлік бағасының тұрақтануына, халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге үлесімізді қосып келеміз» дейді Саят.
Қандай іс болмасын, оның қалыптасқан нормасы, жоспары, ішкі тәртібі болады. Қожалық үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың әрбір өз жұмысына жауапты. Бақташыға дейін. Жалпы қожалықта бордақыға қойылатын ірі қараның салмағынан бастап, жасына дейін қатаң бақылауға алынған. Негізінен бір жарым жастан бұқалар бордақылау алаңына кіргізіледі. Оған дейінгілері өсу үшін жайылымға жіберіледі. Ірі қаралар төрт айға дейін арнайы күтімде болады. Олардың тірі салмағы үш жүз килограмды тартқанда етке өткізіледі.
Сүт және ет бағытында жұмыс істеп отырған қожалықтың алға қойған мақсаттары да көп. Соның бірі – сүт бағытында асыл тұқымды шаруа қожалығын құру. Оған дайындықты қазірден бастап кеткен. Өткен жылы сауын фермасын салған болатын. Енді мемлекеттік бағдарламаға қатысып, несие алып, мал басын арттырып, сүт өндірісін дамыта түсуді қолға алмақ ниетте.
«Еңбекпен тапқан – нан тәтті» демекші бүгінде еңбегі ескерусіз емес. Аудан жұртын етпен қамтып отыр. Сонымен қатар өнімін Шымкент қаласына да шығаруда. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша бұл жылды шаруа қожалық табысты аяқтаған. Бұл жылдар бойы төккен тердің, талай жылғы қажырлы еңбектің ақталғаны да.