Шексіз мүмкіндік иелеріне құрмет жоғары
Өмірдің түрлі қиындықтары мен кедергілеріне мойымай, табандылығы және қайсарлығымен айналасына үлгі болып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарға қашанда құрметіміз жоғары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшіп жатырмыз. Осылайша, әр азаматтың бақуатты өмір сүруіне барлық жағдай жасалып, тең мүмкіндіктер берілетін мемлекет құрамыз!» деген болатын. Айтулы күн қарсаңында Түркістан облысындағы «Самғау» оңалту орталығы мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетуді бастады.
Күні кеше өңірдің әр аймағынан 90-ға жуық адам келіп, қызмет алып үлгерді. Игі бастама 25 күн бойы жалғасып, 7 түрлі арнаулы әлеуметтік және медициналық көмектер ұсынылады. 200 орындық оңалту орталығы заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтылды. Денсаулықты жақсартуға әсер ететін әдіс-тәсілдер қолданылады. Ем алушылар спорт залда шынықса, ботаникалық қысқы бақта серуендеуге жағдайлар жасалған. Қазіргі таңда 100-ден астам тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Оңалту орталығы – ізгілік мекеніне айналарына мүмкіндік мол.
«Орталықта ем алушыларға медициналық, арнаулы әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық, еңбек, мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық, шаруашылық бағыттарында қызметтер көрсетіледі. Сондай-ақ, науқастарға ыстық ас беріліп, медициналық аппараттардың көмегімен емдік-сауықтыру шаралары жүргізіледі. Салауатты өмір салтын ұстану үшін арнайы спорт залда шынығып, ботаникалық қысқы бақта серуендеуге жағдай жасалған», деді мекеме директорының орынбасары Әшім Нұрланұлы.
Бүгінде мекемеде 100-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Айта кетейік, орталық бір мезетте 18 жастан асқан мүгедектігі бар 200 адамды қабылдап, қызмет көрсетуге қауқарлы.
Бүгінде Түркістан өңірінде 100 мыңға жуық мүгедектігі бар адам бар. Арнаулы әлеуметтік қызмет алушы санатындағылар саны – 34 мыңнан асады. Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына бағынысты 14 мекеме жұмыс істеуде. Бұдан бөлек 15 аудан, қалада «TEN QOGAM» орталықтары ашылған. Қазіргі таңда Сауран ауданының Ораңғай ауылында 50 орындық психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арнаулы әлеуметтік көмектер көрсету орталығының құрылысы жүргізілуде. Ғимаратты 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Биыл жаңа бизнес-идеяларды қолдау мақсатында 300-ден астам азаматқа грант берілді. Ерекше физикалық қажеттіліктері бар адамдар үшін 50 әлеуметтік такси қызметі көрсетілуде. «Amanat» партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2021-2024 жылдар аралығында 1426 нысан бейімдеуден өтті. Өзекті мәселелерді шешу тетіктерін қарастырып келеміз. Жұмыстар жанданып, мемлекеттік бағдарламалар тұрақты жүзеге асырылады.