Тәулігіне 800 жұп аяқ киім шығарылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіп саласын дамыту керектігін жыл сайынғы Жолдауында айтып келеді. Осы орайда Жетісай ауданында тәулігіне аяқ киімнің 30-ға тарта түрінен 800 жұп аяқ киім шығарылуда. Мұндағы өнімдер жергілікті базарлармен қатар Астана, Алматы және Шымкент қалаларының сауда орындарында сатылып жатыр. Сондай-ақ, аймақта өсірілген мия тамырларынан косметика мен дәрі-дәрмек шығару қолға алынбақ. Ал, Мақтаарал ауданы Игілік елді мекенінде автоматтандырылған газ тарату станциясы ел игілігіне берілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірге арнайы барып, жай-күйімен танысты.
«Sh.S.САМҰРЫҚ» ЖШС-де 30 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс орнының қуаттылығы жылына 250 мың жұп аяқ киім шығаруға қауқарлы. Өндіріске қажетті негізгі шикізатты Қытай елінен алдыратын кәсіпкер кәсіпорынды іске қосу үшін жеке қаржысы есебінен 500 млн теңге инвестиция салғанын айтады. Екі жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орны бәсекелестікке толықтай төтеп бере алады. Себебі өндірген өнімдерінің бағасы төмен болғанымен, сапасы жоғары.
Жетісай ауданындағы 105 елді мекеннің 60-ы табиғи газбен қамтылды. Бұған дейін көмір жағып, күл шығарып келген Қарасақал елді мекенінің тұрғындары енді «көгілдір отынды» пайдаланады. Жалпы сметалық құны 647,4 миллион теңгені құрайтын газ құбырының ұзындығы 23,659 шақырым. Аталған магистралды газ құбыры бойында орналасқан 10 елді мекеннің де құрылысы аяқталып, 1216 абонент табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие болды.
Бұл мия тамырын қайта өңдеу кәсіпорны. Жетісайда өсірілген мия тамырларынан косметика мен дәрі-дәрмек шығару жоспарланған. Алдағы уақытта өндірісті осында ашу көзделген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған кәсіпорынға арнайы барып, жұмысымен танысты. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 10 мың тоннаны құрайды. Сапар барысында өңір басшысы жергілікті шаруалармен кездесті. Жаңа тәсілмен мақта еккен диқандар өнімнің сапалы әрі артық жиналғанын айтып, жақсы жаңалықтарымен бөлісті.
Сондай-ақ Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Мақтаарал ауылдық округі, Өркениет елді мекенінде пайдалануға берілген спорт кешенінде болды. 2023 жылы құрылысы басталып, биыл тапсырылған нысанның конкурстық құны – 600 миллион теңге. Өңір басшысы спортшылармен, бапкерлермен кездесіп, пікір алмасты. Спорт саласына қолдау көрсету жалғасатынын жеткізді. Мұнан соң әкім Атакент кентіндегі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аз қамтамасыз етілген көпбалалы отбасыларға салынып жатқан арендалық тұрғын үйлердің құрылыс барысымен де танысты. Екі қабатты, 24 пәтерлі 4 тұрғын үй нысаны толық талапқа сәйкес салынып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Аудан бойынша дәл осындай 87 пәтердің құрылысы жүргізілуде.
Мақтаарал ауданы Игілік елді мекенінде автоматтандырылған газ тарату станциясы ел игілігіне берілді. Маңызды нысанға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып, жай-күйімен танысты. «Мақтаарал» автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы ауданды газбен қамту көрсеткіші жақсара түскен. Жалпы бүгінде аудан халқының 75,6 пайызы газбен қамтылған. Тұрғындарды 100 пайыз қамту үшін қосымша автоматтандырылған газ тарту станциясы салынып, 19 елді мекенде ішкі газ жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Айта кетейік, елді мекендерді газбен қамту жұмыстары бойынша Түркістан облысы республикада үздіктер қатарында келеді. Екі жылда 187 мың тұрғын, 90 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылды.