Түркістанда «Қыс-2024» оқу-жаттығуы өтуде
Төтенше жағдайлар министрлігінің ұйымдастыруымен республиканың барлық аймағында «Қыс-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығу шарасы басталды. Оқу-жаттығу жұмыстары Түркістан қаласынада да өтуде. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен облыстық ТЖД бастығының орынбасары полковник Асхат Ержанов қатысып, дайындық жұмыстарын пысықтады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Екі күнге жоспарланған іс-шара облыстың барлық аумағында өтіп жатыр. Оқу-жаттығу екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде облыс аумағындағы азаматтық қорғау органдарының күштері мен құралдарының қысқы мерзімге дайындығы пысықталды. Ал екінші кезеңде табиғи және техногендік сипаттағы апат аймағында авариялық-құтқару және төтенше жағдайлардан туындаған залалдарды жою жұмыстары жүргізілуде.
Қыс мезгілінде ауа райының күрт өзгеруі салдарынан облыс аумағындағы кейбір жолдарда көлік қозғалысы тоқтайды. Бұл жағдай Түлкібас, Бәйдібек, Созақ, Төлеби, Қазығұрт аудандары мен Кентау қаласы аумағында жиі орын алады. Қазіргі таңда оқу-жаттығуға тартылған азаматтық қорғау құрылымдарының күштері жолда қалған жолаушыларды қауіпсіз орындарға көшіру, құтқару жұмыстарына дайындық үстінде. Сонымен қатар олар берілген кіріспелерге сәйкес апаттық жағдайларды жоюға жұмылдырылуда.
2024-2025 жылдардағы қысқы кезеңге дайындықты бақылау бойынша оқу-жаттығулар облысқа қарасты аудан, қалаларда командалық-штабтық ойындар әдісімен өткізілмек.
Іс-шара барысында Зұлпыхар Сансызбайұлы сала өкілдерімен бірге Кентау қаласы, Созақ және Бәйдібек аудандарындағы жылыту бекеттерінің жай-күйімен танысып, жауаптыларға таулы аймақтардағы байланыс мәселесін реттеуді тапсырды.