Баспасөз туры --Кентау мен Сауранда
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Кентау қаласы мен Сауран ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сапар аясында журналистер Жаңа Иқан ауыл округінде ашылған «Рамазан» ЖК трансформаторларды жөндеу цехының жұмысымен танысты.
Энергетикалық қуатты нығайту – мемлекетіміздің экономика саласының басым бөлігі. Оның ішінде трансформатор – электр-техникалық бұйымдар рыногының ең талапты және бәсекелі бөлігі. Кентау қаласындағы транформатор зауытының өнімдері өңірдің ғана емес елдің мәртебесін көтеріп, өңір тұрғындарын өмір сапасын жақсартып жатқаны баршаға мәлім.
Осы орайда, Сауран ауданындағы шағын ғана ауылдан трансформатор жөндеп, адал еңбегімен отбасын асырап отырған Ибата елді мекенінің тұрғыны, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, жеке кәсіпкер Махсұд Тажибаев қазіргі таңда 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Балаларының осы салаға бейімділігін байқап, өзінің білгенін үйреткен әкесі Дадахан Тажибайұлы да көп жылдар бойы Ибатада электрик болып еңбек еткен. Енді балалары Махсұд, Махмұд, Мұхаммед әке жолымен электрик болып жұмыс істеп, ел игілігі үшін аянбай еңбек етуде.
2016 жылы ашылған цехта жұмыс өнімділігі мен тапсырысқа қарай ауыл тұрғындары еңбек етіп келеді. Кәсіпорында қуатты кернеу диапазонындағы трансформаторлардың қорабы құрастырылады. Жылына 60-тан аса трансформатор қалпына келтіріліп, қайта жасақталады. Сонымен қатар кәсіпорын жөндеуді қажет ететін, тозығы жеткен трансформаторларды жөндеумен айналысады. Бүгінде кәсіпорын өз өнімін өзге аудандар мен қалаларға шығара бастаған.
«Айына кемі 4-5 транформатор жөндейтін «Рамазан» ЖК-не тапсырыс берушілер көп. Елімізден бөлек, Ресейден де іздеп келетіндер бар. Олар негізінен Қазақстан электр желілері орталығының істен шыққан транформаторларға жаңа серпін береді. Әсіресе, өндіріс орындары шағын трансформаторларға қызығушылық танытады. Зауыттан әлдеқайда арзан өнімдерге сұраныс жоғары» - дейді Махсұд Дадаханұлы.
Кәсіпкердің айтуынша, аудан әкімі Мақсат Таңғатаров кәсіпорын жұмысымен арнайы танысып, кәсіпкерге қолдау білдіретінін жеткізген.