Түркістанда халықаралық инвестфорум басталды
Отандық және шетелдік инвесторлар Түркістанда бас қосты. Рухани астанада «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумы басталды. Іс-шараға отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысып жатыр.
Ең алдымен халықаралық форумға келушілер назарына көрме ұсынылды. Онда инвесторларға Түркістан өңірінің қолөнері, туристік дестинациялары таныстырылып, таза табиғи ауыл шаруашылығы өнімдері көрсетілді. Сондай-ақ облыста жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар да таныстырылды.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, форум аясында «Түркістан – Ұлы Жібек жолындағы халықаралық ынтымақтастықтың орталығы» тақырыбында мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Онда Орталық Азия тарихи-дипломатиялық қоғамдастығының төрағасы Серік Нарысов модератор болды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды форумға арнайы келген шетелдік инвесторларға алғысын айтты.
– Түркістан қаласында ұйымдастырылып отырған халықаралық инвестициялық форумға қош келдіңіздер! Бүгінгі форум жаңа бастамаларды және инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған маңызды алаң. Халықаралық инвестициялық форумға Қытай Халық Республикасынан 120 компания және Қазақстан өңірлерінен 100-ден астам ірі компания өкілдері қатысуда. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин осы күнге дейін бірнеше рет кездесіп, екі жақты қатынастарды дамытуға бағытталған аса маңызды құжаттарға қол қойған. Екі ел арасындағы экономикалық байланыс нығая түсуде. Соңғы 20 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 44 млрд. АҚШ долларын құрады. Түркістан облысы құрылғаннан бастап, Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 110 млн. АҚШ долларын құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылды. Түркістан облысының әлуеті өте жоғары. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм және барлық салаларда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Өңірде инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар ғимараттарды ұсынатын индустриалды аймақтар және дайын ғимараттар орнатылған шағын өнеркәсіптік парктер бар. Жоғарыда аталған инвестициялық алаңдарда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын, – деген Дархан Сатыбалды өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы кеңінен баяндады.
Пленарлық отырыс барысында Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулының орынбасары Люй И сөз алып, халықаралық іс-шараның елдер арасындағы достықты нығайтудағы маңызы туралы айтты. Сонымен бірге спикерлер қатарында ҚР Ауыл шаурашылығы министрлігі мен кәсіпкерлік саласының өкілдері де болды.
Форум жұмысы әрі қарай тақырыптық панельдік отырыстарға жалғасады. Халықаралық маңызы бар құжаттарға қол қойылып, ынтымақтастық артады.
Айта кетейік, Түркістан облысында негізгі каптиталға тартылған инвестиция көлемі былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 972 млрд теңгені құрап, триллионға жуықтаған. Бұл көрсеткіштер аймақта өндірістің дамып, өнеркәсіптің дамып жатқанын айғақтайды. Әрі өңірде былтыр өңдеу өнеркәсібінде 20 инвестициялық жоба толық іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды.
Халықаралық форумның негізгі мақсаты – Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін таныстыру және өңірдің шет елдермен экономикалық байланыстарын нығайту. Инвестиция тартып, өндіріс орындарын көбейту.