Мақтааралда «Сағындырған әндер-ай» байқауы ұйымдастырылды

Oinet.kz 01-11-2024 18

3.jpg 

Түркістан облысы  Мақтаарал ауданында көптің мәңгілікке есінде қалатын, рухани байлық алатын «Сағындырған әндер-ай» атты облыстық вокалды-аспапты ансамбльдерінің ән байқауы өтті. Жүректерге әннен тұмар тағатын байқауды Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова ашып беріп, қатысушы ансамбльдерге сәттілік тіледі.

Облыстық «Сағындырған әндер-ай» байқауына 12 ауданнан 14 ансамбль қатысты. Байқау шарты бойынша бірінші кезеңде 80-90 жылдардағы ретро әндерді орындаса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы әндер орындады.

Байқауға Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылық орталығының мәдени ұйымдастырушы маманы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Зағипа Өмірзақова, Мақтаарал аудандық мәдениет үйінің Ұжым жетекшісі Дүйсенбі Жұмабаев және Құрманбек Жандарбеков атындағы драма театрының дыбыс режисері, музыка өңдеуші Ержан Бакиров қазылық етті.

Байқау қорытындысы бойынша әділ қазылар алқасының шешуімен бас жүлде «Тарлан» вокалды-аспапты ансамбліне (Түркістан қаласы) бұйырып, арнайы диплом мен 500 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. 1-орынды «Қазығұрт Bend» вокалды-аспапты ансамблі (Қазығұрт ауданы), 2-орынды «Арай» халықтық вокалды-аспапты ансамблі (Ордабасы ауданы) және «ART&MUSIC» вокалды-аспапты ансамблі (Түлкібас ауданы), 3- орынды «Сарыағаш» вокалды-аспапты ансамблі (Сарыағаш ауданы) және «Мерей» вокалды-аспапты ансамблі (Мақтаарал ауданы) иеленді.

Түркістан облыстық мәдениет басқармасының арнайы жүлдесі Жетісай ауданынан келген «Бірлік» вокалды-аспапты ансамбліне бұйырды. Сонымен қатар Мақтаарал ауданы әкімінің арнайы жүлдесі Сайрам ауданынан келген«Ақсу әуендері» халықтық вокалды-аспапты ансамбліне бұйырды. Байқауға белсене қатысқан басқа да өнер ұжымдары арнайы дипломмен марапатталды.


Кентау: Жылу орталығындағы жұмыстар бақылауда
Түркістанда халықаралық инвестфорум басталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу