Түркістан: Күлтөбе туристік нысанға айналады

Oinet.kz 19-10-2024 19

16.jpg 

Түркі әлемінің рухани астанасы атанған Түркістанда туризмге қатысты тың жобалар бар. Қаланың тарихи орны-- Күлтөбе қалашығында ашық аспан астындағы заманауи археологиялық паркін құру жұмыстары кезекті рет пысықталды. Бұған дейін жобаның алғашқы кезеңі аяқталған-ды. Жұмыстар ЮНЕСКО-ның қатаң талаптарына сай жүргізілуде.

Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, аталған жобаны жалғастыру бойынша облыс әкімі Дархан Сатыбалды сәулет, туризм, мәдениет саласына жауапты басшылар мен осы жобаға өз ұсыныстарын енгізген компания өкілдерімен кеңес өткізді. Жиында Күлтөбе қалашығы маңынан заманауи туристік нысандар салу, Қаңлы дәуірінен сыр шертетін ескерткіштер мен жәдігерлерді жұртшылық назарына ұсыну мәселесі талқыланды.

Дархан Сатыбалды бұл туристік нысан жалпы саяхатшылар үшін де, балалар үшін де тартымды әрі мағыналы болуы керектігін ескертті. Тарихшылармен, археологтармен ақылдаса отырып жұмыс жүргізуді тапсырды.

Жобаның жалғасы ретінде келушілерге заманауи сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік беретін нысан салынады. 3D форматының жетістіктері қолданылады. Нысан түнде жарқырап, ою-өрнектермен безендіріледі деп күтілуде. Қаңлы дәуірі, Ахмет Ясауи заманы, Қазақ хандығы кезеңі және өзге де тарихи жүзжылдықтарға қатысты деректер түрлі тәсілде ұсынылып, саяхатшыларға қазақ тарихы таныстырылмақ.

Болашақта археологиялық парктің қонақтары үшін сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасау мүмкіндігі туады. Осы маңнан табылған археологиялық жәдігерлер туралы да мағлұмат беріліп, қазақ мәдениетінен, қолөнерінен сыр шертетін дүниелер жұртшылық назарына ұсынылады деп күтіліп отыр. Жобаны зерделеу, толықтыру жұмысы жалғасады.


Түркістан: Жылу алдымен әлеуметтік нысандарға беріледі
Түркістан: Білім саласындағы бастамалар нәтиже беруде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу