Президент «Білім-Инновация» лицейінде болды
Түркістан облысында жұмыс сапарымен жүрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім-Инновация» лицей-интернатында болды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқу орнындағы білім беру процесінің ерекшелігі мен оқушылардың ғылыми-зерттеу жобалары таныстырылды.
Лицейде жаратылыстану-математика бағытына басымдық беріледі. Атап айтқанда, физика, химия, биология, математика және информатика пәндері бойынша сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Ұстаздар оқушылардың академиялық жетістіктеріне ден қояды. Нәтижесінде олар республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында және спорт сайыстарында үздік атанып жүр.
Жыл басында жаңа ғимарат пайдалануға беріліп, лицей-интернат Кентаудан Түркістан қаласына көшірілген. Қазір мұнда 500-ден астам оқушы білім алып жатыр.
Президент оқу және үйірме кабинеттерін, спорт залын аралап көріп, оқушылармен әңгімелесті.
Мемлекет басшысы еліміздің келешегі жас ұрпақтың қолында екенін айтып, олардың оқуда озат болуына тілектестік білдірді.
Бүгінде Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 14 мың оқушыға арналған 29 мектеп салынып жатыр. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық бойынша істі болған тұлғалардан тәркіленген қаржыға өңірде 20 білім беру нысаны бой көтереді. Оның 13-і биыл пайдалануға берілмек. Жыл соңына дейін облыстағы 4 апатты және үш ауысымды 5 мектептің мәселесі толығымен шешіледі.