Ордабасы ауданында инвестициялық ақуал жақсартылуға күш салынуда
Ордабасы ауданында қолайлы инвестициялық климат құру және экономикадағы өнеркәсіп саласын одан әрі дамытуға толық мүмкіндік бар. Аудан әкімі Азат Оралбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауында елімізде инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жарқсату жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды екенін айтты. Атап айтқанда, мұнай-химиялық кластерді дамыту, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісінде, өңдеуді терең пайдалану, арнайы индустриальды аймақтарды ұлғайту, жаңа технологияларды ендіру және дамыту үшін өңдеуші өнеркәсіпке шетел компанияларын тартуға басымдық беріледі.
- Мемлекет басшысы Жолдауында Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты. Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек» дейді Осыған сәйкес ауданды дамыту үшін негізінен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс атқарылмақ. Ол үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды ендіре отырып, өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендетуді басым бағыт ретінде таңдалып отыр. Сонымен қатар ауданның даму жоспарында аймақтың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, туризм және кәсіпкерлік сынды салалар қамтылған. Стратегиялық құжат аясында барлық салаларды дамытуға бағытталған шаралар ұсынылған, - дейді Азат Оралбаев.
Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті – өмір сүру сапасын жақсарту. Әкімдердің жұмысы халықтың әл-ауқатына байланысты бағаланады. Осы бағытта жан-жақты мүмкіндіктерді пайдаланып, ауданда өндіріс орындарын көбейту, қайта өңдеуді дамыту, жаңа зауыт, фабрикаларды көптеп ашып, тұралап қалған кәсіпорындарды қайта аяғынан тұрғызу міндеті қойылып отырғаны да белгілі. Сонымен бірге өнім көлемін арттырып, жергілікті өнімді экспортқа шығаруды жолға қою көзделген. Бұдан бөлек, аудандағы жылыжайлардың аумағын арттыру, сауықтыру туризмін дамыту да ауданның күн тәртібіне қойылған мәселелердің бірі болып отыр.
Жалпы Ордабасы ауданында өткен 7 айдың көлемінде өндірілген өнім көлемі 64,3 миллиард теңгені құрап, жыл қорытындысымен 160,7 миллиард теңгеге орындау жоспарланған. Өңірлік өнімнің құрылымы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс салаларына тиесілі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы 2030 жылға екі есеге арттыру жоспарлануда. Мәселен, ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Алтынбековтың айтуынша, ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 52 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған Бадам индустриялды аймағы құрылған. Аймақтың жалпы жер көлемі – 102,5 гектарды құрайды. Индустриялды аймақта 15,9 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылған. Гипсокартон бұйымдарын өндіру, арматура шығару, қорғасын өндіру, тоқыма фабрикасын құру секілді 6 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Шұбар аумағынан 70 гектар өндірістік парк салу, Шұбарсу ауылынан жаңадан кіші қуатты жобаларды шоғырландыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
– 2024-2030 жылдары жалпы инвестициялық құны 214,6 миллиард теңгені құрайтын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салалары бойынша 79 ірі жобаларды іске асыру жоспарланды, одан түсетін болжамды салық 5 миллиард 733 миллион теңгені құрайды. Нәтижесінде 4 226 жұмыс орны ашылады. Өнеркәсіп өнім көлемі биылғы 7 айдың қорытындысымен 8,2 пайызға артып, 21,4 миллиард теңгені құрады. Жыл қорытындысымен 37,5 миллиардтеңгеге жеткізіп, өсім 11,6 пайызға артады деп күтілуде. 2025 жылға 40,6 миллиард теңгеге, 2030 жылға 78,1 миллиард теңгеге жеткізу межеленді. 2024-2030 жылдар аралығында құны 168,8 миллиард теңгені құрайтын, 2 749 жұмыс орнымен, 24 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда,- деді Ордабасы аудан әкімі Азат Оралбаев.