Жетісай ауданында жол көлік-логистикасы жақсара түскен

Oinet.kz 04-09-2024 30

Жетісай ауданында көлік-логистика секторын дамытуға ерекше басымдық беріліп келеді. Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп,экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық екенін атап өткен болатын. 

Screenshot_13.jpg

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, Жетісай ауданында автомобиль жолдары талапқа сай жаңартылып, елді мекендер мен ауданаралық жолдарды қалпына келтіру, тас төсеп, асфальттау, тозығы жеткен немесе жаңадан салынған көшелерде тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Биыл ұлттық қор мен облыстық, жергілікті бюджеттерден 1 миллиард 821 миллион теңге қаралған. 

- Президентіміз өз Жолдауында еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқанын айта келіп, «Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек. Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салуымыз қажет. Бұл ретте бірқатар кешенді мәселені шешкен жөн» деп алдымызға атқарылатын жұмыс бағытын айқындап берді. Бүгінгі таңда алдымызға қойылған мақсаттың бірі – автомобиь жолдарын талапқа сай жөндеу. Атап айтар болсақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жоғарыда айтылған қаржыға аудандағы Ә.Оспанов, Құрбан ата, Сырабат, Сәтпаев, Ералиев, Ынтымақ елді мекендеріндегі жалпы ұзындығы 42,1 шақырымды құрайтын 50 көше, жергілікті бюджеттен бөлінген 539 миллион теңгеге Жетісай қаласы мен Атамекен, Абай елді мекендеріндегі 17,17 шақырымды құрайтын 15 көше асфальтталатын болады. Одан бөлек, 55,8 миллион теңгеге жалпы ұзындығы 8,44 шақырымды құрайтын 15 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізу жоспарланған, - дейді аудан әкімі. 

Жалпы өткен жылы аудандық және қаланың IV деңгейлі бюджеті есебінен жалпы ұзындығы 18,08 шақырымды құрайтын 31 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қала көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық деңгейін 71,6 пайызға жеткізілсе, биыл аудандық қазынадан қаралған қаржы есебінен жалпы ұзындығы 2,4 шақырымды құрайтын 9 көшеге асфальт төселген. Алдағы күндері қаланың IV деңгейлі бюджетінен ұзындығы 5,27 шақырым тағы 5 көшеге орта жөндеу жүргізіліп, шаһардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейін 77,9 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Маханбет Мемлекет басшысының Жолдауын теледидардан тыңдап, одан кейін газеттен оқығанын айтты. «Өздеріңіз көріп отырғандай ауданда көп жұмыс атқарылуда. Соның ішінде көлік инфрақұрылымына жақсы көңіл бөлінуде. Осы саланы жақсы білгендіктен де мен Президенттің осы бір бастамасын құптаймын. Шындығын айтқанда Президент айтқандай, автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. «Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын» деп отыр. Бұл дегенің – еліміздің әлеуметтік-экономикасының дамуына зор серпін әкеледі деп сенемін», - дейді Айтбай Маханбет.

Жалпы бүгінде ауданда жөнделіп жатқан көшелердің қатарында көп жылдардан бері жөндеуді қажет етіп келген Амангелді көшесі де бар. Қаладағы жалпы ұзындығы 200 шақырымға жуық 175 көше мен 34 шақырымды құрайтын арық-атыздардың 2,8 шақырым жолы, 3,6 шақырым арық-атызы дәл осы көшеге тиесілі. Сонымен қатар, 101,4 миллион теңгеге жалпы ұзындығы 8,8 шақырымды құрайтын 8 көшеге аяқ жол салынса, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық маңызы бар КХ-75, КХ-117, КХ-27, КХ-86, КХ-96 автомобиль жолдары бойына 23 стандартқа сай жаяу жүргінші өткелдерін таңбалау жұмыстары жүргізілген. Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріне стандартқа сай жасанды жол кедергілері, қажетті жерлерге 60-тан астам жол белгілерін орнату жұмыстары да жүргізілген.

Жолдау – жарқын болашақ кепілі
Ордабасы ауданында инвестициялық ақуал жақсартылуға күш салынуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу