Сайрам Тәжікстанға ет экспорттайды
Сайрам ауданы, Қасымбек Датқа ауылында орналасқан «Қайып ата» ЖШС-нен Тәжікстан еліне бүгін бірінші рет ет экспортталды. Бұған дейін «Қайып ата» ЖШС мен Тәжікстан елі арасында 110 тонна ет экспорттау туралы келісімшарт түзілген болатын. Бүгін 110 тоннаның 16 тоннасы жіберілді. Жалпы келісімшарт бойынша жұмыстар қыркүйек айынан басталды. Бұл туралы Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл кәсіпорын еліміздің экспорттық әлеуетін көтеруге өзіндік үлесін қосып келеді. Айта кетейік, 2023 жылы 4500 тонна ірі қара етін Өзбекстан еліне жөнелтті. Бұдан бөлек, Иран мемлекетіне 140 тонна ұсақ мал етін экспорттады. Ал, биыл 5000 тонна ірі қара мал етін шет елге шығаруды жоспарлап отыр.
Жыл басынан бері «Қайып ата» ЖШС Өзбекстан еліне 2 945 тонна сиыр етін және 12 тонна қой етін, Иранға 118 тонна қой етін экспорттап үлгерді.
Сонымен қатар, «Қайып ата» ЖШС алдағы уақытта Аустралия елімен бірлесіп, 3 ірі инвестициялық жобаны қолға алу жоспарлануда. Атап айтқанда, Арыс қаласында 25 мың ІҚМ басына арналған бордақылау кешені 2025 жылы іске қосылса, Сайрам ауданында «1500 басқа ірі қара малды сою және өңдеу» және «Мал сату биржасы» жобалары 2025 - 2026 жылдары жүзеге асырылады.
Айта кетейік, ет экспорты бойынша Түркістан облысы елімізде алдыңғы орында көш бастап тұр. Оның ішінде, экспортталатын ірі қара мал етінің 80 пайызы және қой етінің 75 пайызы облыстың үлесіне тиесілі.