Энергия тежелсе, көрсеткіш құлдырайды
Атом электр стансасы салынбаса, еліміз энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде күрделі қиындыққа тап болуы мүмкін. Бүгінде электр энергиясы негізінен тым ескіріп кеткен, сол себепті қомақты инвестицияға мұқтаж көмір стансаларында өндіріліп жатыр. Жаһандық декарбонизация және парниктік газ шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелер тұрғанда көмір өндірісіне қаржы құюдың қисынсыз екені тағы белгілі.
Енді АЭС сияқты баламалы энергия көздерінсіз ел энергия тапшылығы, генерациялаушы қуат құрылымындағы теңгерімсіздік және халықаралық экологиялық міндеттемені орындай алмау қаупіне ұшырайды. Онда жағдай оңайға соқпасы анық. «Қазақстанның электроэнергетикалық қауымдастығының» төрағасы Талғат Темірхановтың айтуынша, ел халқының тең жарымын құрайтын оңтүстік аймақтарда электр энергиясының тапшылығы 50 пайызға жетті.
«Ол аймақта максималды тұтыну жүктемесі – 4 500 МВт, ал шығарылым 2 100-2 200 МВт шамасында. Дәл осыншама электр энергиясы (2 400 МВт) әлі жетіспейді екен. Оңтүстік жетіспейтін электр қуатын елдің солтүстігінен келетін үш электр желісі арқылы алады. 500 кВт әуе желісінің деректері шамадан тыс жүктелген. Енді одан көп көлемдерді жібере алмайды. Сондықтан ең дұрысы, елдегі барлық энергия тапшылығын жабу үшін оңтүстік аймаққа жетіспейтін 2 400 МВт-ты жабу мақсатымен атом электр стансасын орнату қажет», дейді ол.
Елдегі көмір зауыттарының басым бөлігі 50 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп тұр. Бұл олардың әбден тозуына әкеледі. Мұндай стансалардағы жабдықтың тозу деңгейі сыни деңгейге жетеді. Кейде 100%-ға дейін жақындайды. Оның көпшілігі күрделі жаңартуды немесе толық ауыстыруды қажет етеді.
«Тозудың бұл жоғары деңгейі апаттың жиілеп, көбеюіне, электр қуатын өндіру тиімділігінің төмендеуіне әкеліп тірейді. Соңғы жылдары ірі апаттарды көрдік. Апат салдарынан электр қуаты үзіле берген соң, жетіспейтін қуатты Ресейден импорттауға көштік. Ол жақтан сатып алу бағасы қымбат. Мұның бәрі түпкілікті тұтыну үшін тарифтің қымбаттауына алып келеді», дейді қауымдастық төрағасы.
Ал АЭС-тің 1 ГВт қуаттылығы жылына 5,9 млн тонна көмір немесе 2,2 млн тонна мазут, әйтпесе 2,6 млрд текше метр газ үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл органикалық отынның жануынан пайда болатын орасан зор зиянды газдардың бөлінуіне, жылына 830 мың тоннаға дейін (көмір стансасы) қатты тұрмыстық қалдықтардың түзілуіне жол бермейді.
Көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларын жөндеуге жұмсалатын жыл сайынғы шығындар әртүрлі. Бірақ ескі зауыттардың жұмысын жалғастыруға орта есеппен миллиардтаған теңге қажет. Көп жағдайда бұл көрсеткіш бұрын жабдыққа салынған шығындарға және стансаның масштабына байланысты. Бұл шығындарға тұрақты жөндеу, ескірген жабдықты ауыстыру және электр энергиясына сұранысты қанағаттандыру үшін қажетті деңгейде өндірістік қуатты ұстау да кіреді.
Жылу-электр стансаларынан қоршаған ортаға тарайтын ластаушы заттар шоғыры аз емес. Мәселен, 1 ГВт энергия өндіру үшін жылу электр стансаларынан ауаға 7-120 мың тонна аралығында күкірт тотығы, 2-20 мың тонна азот тотығы, 700-1 500 тонна майда күл, 3-7 млн тонна көмірқышқыл газы, 300 мың тоннадан астам күл шығады. Ал жылына шығарылатын 400 тоннаға жуық уытты металдың құрамында кадмий, қорғасын, сынап секілді ластаушы заттар бар. Ал АЭС-тен 1 ГВт энергия өндіру кезінде ауаға күкірт тотығы, азот тотығы, майда күл, көмірқышқыл газы, күл мен уытты металл секілді химиялық ластағыш заттар тарамайды. АЭС-тің қоршаған ортаға осындай тиімділігі бар.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Каспий кешенін зерттеу және мониторинг зертханасының меңгерушісі Махамбет Құдайбергенұлының пікірінше, АЭС құрылысын жүргізуге халықаралық қағидалар сақталуы қажет.
«Бүгінде халықаралық қаржыландыру институттары көмірге қатысты жобаларға инвестиция салудан бас тартып жатыр. Себебі болашағы жоқ. Ал күн сәулесі мен жел бірде бар, бірде жоқ. Сондықтан күн мен желді алда тұрған мақсаттарды шешетін тұрақты энергия көзі деп айтуға болмайды. Осының ішінен озып шығатыны – атом энергетикасы. Атом индустриясын дамыту керек. Елімізде салынуы мүмкін атом электр стансасы жаңа талаптарға сай технологиямен қамтылса, құптауға болады», деді ол.
Ал көмір зауыттарын жөндеуге арналған жабдықтар мен бөлшектердің басым бөлігі Ресей, Қытай және Еуропа елдерінен әкелінеді. Елімізде мұндай құрамдас бөліктердің отандық өндірісі әлі тиісті деңгейде дамымаған. Салдарынан стансаларға дербес техникалық қызмет көрсету қиындайды. Көмір зауыттарына инвестиция салу тұрғысынан алғанда, көміртексіздендіруге бағытталған халықаралық үрдіске, көмірден бас тартуға байланысты қаржыландыруды тарту барған сайын қиындай түсуде. Қаржы институттары көмір өндіруге қатысты жобаларды қолдаудан көбірек бас тартып жатқаны рас. Бұл стансалардың сатып алу жоспарына сөзсіз әсер етеді.
Қазір АЭС туралы ақпаратты сырттай ғана біліп, жағдайдың байыбына тереңдей алмай жүргендер де бар. Бұл олардың жалпыхалықтық референдумда дұрыс таңдау жасауына кедергі болады.
«Адамдардың дұрыс таңдау жасауына АЭС салудың пайдасы мен қажеттілігін түсіндіре отырып, ашық ақпараттық науқан жүргізу қажет. Атом энергиясы – энергетикалық тәуелсіздік пен электр энергиясының тұрақты бағасын қамтамасыз ете алатын ең таза және тұрақты энергия көздерінің бірі екенін ерекше атап өткен жөн. Бұл ретте, атом электр стансаларынан бас тартудың қауіп-қатерлері, соның ішінде электр қуатының тапшылығы мен тарифтердің көтерілу қаупі туралы айту керек», деді спикер.