Түлкібас: Қараусыз малдың иесіне айыппұл салынады
Бүгінде Түлкібас ауданындағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірумен айналысатын шаруалардың бас ауруына айналған мәселенің бірі қараусыз қалған малдардың егістік алқаптарына кіріп кетуі болып тұр.
Осы ретте, бүгін аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары М.Жанесеннің төрағалығымен аудандық мәслихаттың төрағасы Х.Байысбаев, ауылдық округ, кент әкімдері, жер мамандары және ауыл шаруашылғы тауарларын өндірушілердің қатысуымен жиын өтті.
Жиында аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қ.Еркебаев және аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Б.Амиров егін алқаптарына мал түсу фактісі, және оны алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.
Ағымдағы жылдың бүгінгі күніне дейін жалпы аудан бойынша (ҚР ӘҚБтҚ-нің 147 бабы бойынша)егістік алқаптарды мал таптау, зақымдау, жиналған астықты бүлдіру фактісі бойынша 44 хаттама толтырылып, 2 млн.теңгеден астам тәртіпке бас имеген азаматтарға айыппұл салынған.
«Әрине, маңдай термен ерте көктемде егіп, оны қарап, жемісін теретін шақта оған мал түсіп жатса, бұл жыл бойғы еңбегінің далаға кеткенімен пара-пар»-деген, шаруалар бұл бағытта барынша тәртіпті күшейтуді сұранды.
Басқосуды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Марат Сүгірәліұлы шарулардың өтінішін басшылыққа алып, тиісті орган өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Жауапты бөлім басшысы мен ауыл әкімдеріне бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарын барынша жандандыру керектігін ескертті.