Нашақорлық—қоғам қасіреті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылы Ұлттық құрылтайдың отырысында:
-- Есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын,--деген болатын.
Жуырда Мақтаарал аудандық полиция бөлімі және "Жастар ресурстық орталығы" КММ-мен бірге іс- шара өткізілді. Шараның мақсаты- қазіргі таңда белең алған нашақорлық індетінің тамырына балта шабу, бүгінде бүкіл адамзат баласының өміріне қауіп төндіріп отырған нашақорлық пен есірткі бизнесі, синтетикалық есірткінің зияны және жастар мен жасөспірімдер арасындағы зиянды әдеттерге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу болып табылады.
Акция барысында аудандағы нашақорлықтың зардаптары жайлы арнайы бейнеролик көрсетіліп, ақпараттық брошюралар таратылды. Сонымен қатар тұрғындарға есірткінің зияны жайлы түсіндірілді.
Нашақорлық - қазіргі қоғамның қасіреті және ең өзекті проблемаларының бірі. Бұл болашағымызға балта шабатын қауіпті індет. Сондықтан да бұл бағыттағы шараларды көптеп өткізу күн тәртібіндегі маңызды істердің бірі екені даусыз. Келешек жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс жол таңдауға әрдайым ықпал ету бағытында осындай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.