Келес: Бірлікте амбулатория салынып жатыр
Түркістан облысы Келес ауданындағы Бірлік ауылында 45 орындық дәрігерлік амбулатория салынып жатыр.
Бұл ғимарат кең әрі ыңғайлы болмақ. Қазіргі таңда ғимараттың іргетасы құйылып, қабырғалары тұрғызылуда. Түркістан облысының құрылыс басқармасының тапсырысымен жүзеге асып жатқан құрылыс жұмысына бюджеттен 305 миллион теңге бөлінген. Нысанның негізгі міндеті - аурушаңдықтың, тұрғындар арасындағы өлім-жітімнің алдын алу және төмендету бойынша профилактикалық іс-шараларды жүргізу, ауруларды ерте анықтау, науқастарды уақытылы медициналық тексеруден өткізу.
Айта кетейік, Бірлік елді мекенінен бой көтеріп жатқан медициналық нысан Бірлік, Мәдениет, Ащысай және Қосөткел ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Сала мамандарының айтуынша, құрылыс жұмыстары биыл жыл соңында аяқталып, қолданысқа берілетін болады.