Түркістан: 1 мыңнан астам мектеп тамақтану орындарымен қамтамасыз етілген
Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша 1 041 мектеп, 21 интернат ұйымы және 1 425 балабақша асханамен, буфетпен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Осы нысандардың асханаларының санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы, балаларға таратылатын тамақтардың дайындалу технологиясы, сапасы мен қауіпсіздігі нормативті-құқықтық актілерге сәйкес болуы қажет. Бұл жайында Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов брифингте мәлімдеді.
«Білім беру нысандарындағы тамақтың сапасы, қауіпсіздігі, дайындалуы, жиһаздармен жабдықталуы, қызметкерлердің медициналық бақылаудан уақытылы өтуі, нысанның санитарлық-гигиеналық, техникалық жағдайын мүлтіксіз орындау - мектеп директорлары мен асханаларды жалға алып қызмет көрсетіп отырған кәсіпкерлердің міндеті. Оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру - бұл үлкен жауапкершілік»,- деді спикер.
Сондай-ақ, Нұрбек Садықбекұлы білім беру және тәрбиелеу нысандарындағы бірыңғай ас мәзірін Түркістан облыстық білім басқармасымен бекітілетінін жеткізді. Жалпы ас мәзірі әзірленетін кезде балалардың жас санаты, витаминдік-минералдық кешенмен байытылған тамақ өнімі екендігіне мән беріледі. Сонымен қатар, мәзірде бірдей тағамдарды немесе аспаздық өнімдерді бір күнде және келесі екі-үш күнтізбелік күнде қайталауға жол берілмеуі керек.