«Таза Қазақстан»: Сенбілік аясында көшеттер егілді
Түркістан облысы Кентау қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық шаралары жиі ұйымдастырылуда. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Сенбіліктер аясында көшеттер отырғызылып, саябақтар мен көшелер тазаланып жатыр. Сондай-ақ, акциясы аясында абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы ретте, Кентау қаласындағы «Жастар саябағында» тазалық шарасы өтіп, саябақ қоқыстан тазартылды. Сенбілікке қаладағы жалынды жастармен бірге ардагерлер де өз үлестерін қосты. Алдағы уақытта сенбілік қаланың басқа аймақтарында да өз жалғасын табатын болады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Бүгінде қаламызда экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында сенбіліктер өткізіліп жатыр. Тазалық – саулық кепілі. Біз өскелең ұрпақтың таза жерде, дені сау болып өскенін қалаймыз. Сол себепті әрбір тұрғын өз ауласының айналасын үнемі таза ұстағаны абзал. Барша тұрғындарды сенбіліктерде белсенді қатысуға шақырамын»,- деді қалалық «Ардагерлер кеңесінің» төраға міндетін атқарушы М.Юлдашев
Ордабасы ауданы Темірлан елді мекеніндегі «Орталық саябақта» да тазалық шарасы өтті. Сенбілікке аудандағы ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, этнос өкілдері мен аудан жастарынан құралған 80-ге жуық адам қатысты. Атқарылған жұмыстар аясында тал түптері әктеліп, қураған ағаштар жиналып, қоқыстан тазартылды. Сондай-ақ, көшеттер отырғызылып, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді.
«Ауданымызда экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында тазалық шаралары күнделікті ұйымдастырылуда. Ауламызды, ауданымызды, өлкемізді таза ұстауымыз қажет. Осындай қоғамдық іс-шараларға бірге қатысып, аулалардың тазалығына, ауданымыздың тазалығына үнемі атсалысып келеміз. Өзімізбен бірге жастарды да тазалыққа баулудамыз. Өскелең ұрпаққа өнегелі үлгі көрсету әрбір азаматтың міндеті»,- деді аудан ардагері О.Есқараев