«Мектепке жол»: Түркістанда 60 мың балаға көмек беріледі
Биыл Түркістан облысында «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. Өңірдегі экономикалық есептеулер нәтижесінде әр балаға 43 407 теңгеден үлестіріледі. Бұл жайында Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов брифингте мәлімдеді.
«Аталған қолдау - мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар мен білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына беріледі. Жоғарыда аталған санаттағы отбасының балаларына киім мен оқу-құралдарын алу үшін білім беру ұйымының басшысының атына баланың ата-аналары немесе заңды өкілдері өтініш беруі тиіс. Кейін ата-ана не заңды өкіл білім беру ұйымына сатып алынған тауарлардың атауы көрсетілген шығыстар туралы растайтын құжатты тапсыруы керек» - деді спикер.
Айта кетері, Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп құрылысын салу жоспарланған. Ал, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
2025 жылы пайдалануға берілетін 26 100 орындық 34 мектептің құрылысын іске асыру жоспарына сәйкес, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету 2025 жылғы 1 тамызға жоспарланған.
Биыл пайдалануға берілетін 29 мектептің 21-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 800 орындық.
2025 жылы пайдалануға берілетін 34 мектептің 22-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 700 орындық.