Түркістан облысында жол жөндеуге 37,6 млрд бөлінді

Oinet.kz 30-07-2024 48

39.jpg 

Биыл Түркістан облысындағы автомобиль жолдарын жақсартуға бюджеттен 37,6 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы ұзындығы 1100,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер немесе 244 нысанды қамту жоспарланып отыр.

Жыл қорытындысымен 546,6 шақырым болатын 149 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат жиынында облыс бойынша 2024 жылға жоспарланған автомобиль жолдары саласын дамытудың орындалу барысы туралы баяндалды. Облыс басшысы сапаны назарда ұстамаған, жұмыс барысында орын алған кемшіліктерді қалпына келтірмеген аудан, қала басшылары мен жауапты тұлғаларды сынға алып, тиісті тапсырмалар берді.

– Жол жөндеу жұмыстары уақтылы әрі талапқа сай жүргізілуі тиіс. Аудан, қала әкімдері мен «Қазавтожол» және жауапты басқарма өзара тығыз байланыста жұмыс істеңіздер. Мердігерлердің жұмысын, асфальт сапасын бақылауда ұстаңыздар. Бірлесе атқаратын іс көп. Жол жөндеуге қажетті бюджетті дұрыс үйлестірмеген, жұмысты кешіктірген басшылар мен жауапты орынбасарларға тағы да ескертемін. Жағдайды өзгертеміз, егер жағдай өзгеріп, мәселе шешілмесе, соған жауапты адамдарды өзгертуге тура келеді, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Қуатжан Жұматаевтың мәлімдеуінше, 368,1 шақырымды құрайтын 34 облыстық маңызы бар жолдар құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Жыл соңына дейін 19 нысан немесе 163,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр пайдалануға берілмек. Бүгінгі таңда 3 нысан: 10,6 шақырым жол, 1 көпір, 1 жарықтандыру пайдалануға берілді.

Аудандық маңызы бар жолдарды ретке келтіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Осы жылы 19 нысан немесе 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтуға қаржы қаралған. Оның 31 шақырымдық 8 нысаны және 4 көпірі жыл соңына дейін аяқталады.

Елді мекен көшелерінің сапасы да назардан тыс қалмайды. Биыл елді мекендерде 191 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 630,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жоспарланып, жыл соңына дейін 331,3 шақырымдық 122 нысан пайдалануға тапсырылады. 2024 жылдың қорытындысымен жалпы 194,6 шақырым жолды пайдалануға тапсырып, жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-ға жеткізу көзделуде.

Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы автор, техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, Ұлттық сапа орталығының Түркістан облысы бойынша филиалының тұрақты бақылауында. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 343 кемшілік анықталды. Жауапты мекемелерге ескерту хаттар беріліп, 5,7 млн теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ 55 000 м2 жол негізі мен асфальт жабындысы бұзылып, қайта салынды.

Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 702 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдар – 723,1 шақырым (нормативтік жағдайы – 95%), облыстық және аудандық маңызы бар жолдар – 5717 шақырым (нормативтік жағдайы – 93%), елді мекендердің көшелері – 11 268,2 шақырым (нормативтік жағдайы – 70%). Елді мекендердегі жөндеуді қажет ететін көшердің жалпы ұызындығы 3380,5 шақырымды құрайды.

 


Сарыағашта 54 тұрғын үй салынуда
«Мектепке жол»: Түркістанда 60 мың балаға көмек беріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу