«Таза Қазақстан»: Сенбілікке ардагерлер де атсалысуда

Oinet.kz 29-07-2024 34

37.jpg 

Түркістан облысы Арыс қаласында ардагерлер мен жастардың қатысуымен ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Шара барысында аллеялар мен саябақтар тазартылып, қаланың көркін арттыру мақсатында тазалық жұмыстары атқарылды. Бұл шара қоғамның әртүрлі буындарының бірлесіп, қала тазалығын сақтау жолында бірігіп әрекет етуінің жарқын көрінісі болды.

Тазалық шарасына арнайы қатысқан қала әкімі Гүлжан Құрманбекова тазалықтың маңыздылығына кеңінен тоқталды. Шаһар басшысы сенбіліктің қала экологиясының жағдайын жақсартуға және тұрғындардың денсаулығын сақтауға үлкен әсер ететінін атап өтті. Қала әкімі шараға қатысқан ақсақалдар мен ақжаулықты әжелерге және жастарға алғыс айтып, олардың белсенділігін жоғары бағалады.

Сенбілікке қатысқан ақсақалдар қолдарына күрек ұстап, тазалыққа белсене атсалысты. Олар өздерінің өмірлік тәжірибелерін жастармен бөлісіп, бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын көрсетті. Жастар да бұл шарада белсенділік танытып, шөптерді шауып, арнайы техникаға артып, қаланың тазалығына өз үлестерін қосты.

Сонымен бірге Сауран ауданында «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында сенбілік жұмыстары өткізілді. Тазалық шарасына аудандағы ауылдық округ тұрғындары мен мекеме қызметкерлері атсалысты. Атқарылған жұмыстар барысында жол жиектері мен көше бойлары қоқыс пен қалдықтардан тазартылды. Бүгінде сенбілік жұмыстары барлық 12 ауылдық округінде жүргізілуде. Аудан бойынша ұйымдастырылған сенбілік жұмыстарына 186 адам қатысып, оған 8 техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 14 тонна қоқыс шығарылған.

Сонымен қатар, республикалық, облыстық маңызы бар автожолдың, ішкі көшелердің бойында жинақталған, бей-берекет тасталған күл-қоқыстарды тазалау, талдарды ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ арық-атыздар тазаланды. Сенбіліктер жолда жүрген жүргізушілер мен жолаушылар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға және жол жиегінің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған.

 


Қарнақта шаруалар жазғы өнімдерін жинауда
Сарыағашта 54 тұрғын үй салынуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу