Кентау жылу орталығы облыс әкімінің бақылауында
--Кентау қаласындағы №5 Жылу энерго орталығында жүргізіліп жатқан қайта құру жұмыстары біздің жіті бақылауымызда. Кезекті рет құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге Жылу орталығындағы атқарылып жатқан жұмыстарды тексердік. Штаб кеңесін өткізіп, мердігерлердің есебін тыңдадық,-деп жазды әлеуметтік желідегі парақшада Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Қазандықтарды реконструкциялау жұмыстары бекітілген кестеге сай, үздіксіз жүруде. Нысан басында екі ауысымда 180 адам жұмыс істеп жатыр. Қазандықтардағы монтаждау жұмыстары қарқынды. Сонымен қатар 6 қазандыққа арналған түтін құбыры дайындалу үстінде.
Мердігер компания жоспар бойынша екі қазандықтағы жұмыстарды тамыз айының соңында, екі қазандықты қыркүйектің ортасында, ал қалған екі қазандықтың құрылысын қараша айының соңында аяқтауы керек. Бұдан бөлек, тағы екі қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Стратегиялық маңызы бар нысандағы жұмыстардың сапасы мен мерзімі бақылауда болады.
Бұған дейін облыс басшысы Түркістан облысында жылыту маусымына дайындық басталғанын, жауапты тұлғалармен бірге өңірге көмір жеткізу бағытындағы жұмыстарды пысықтап, жоспарларды саралағанын, тиісті тапсырмалар бергенін жазған болатын.
--Жылыту маусымында өңірде көмірден ешқандай проблема болмауы тиіс. Мектептер, ауруханалар және өзге де бюджеттік мекемелердің көмірмен қамтылуын қадағалауды, тасымалдаушы компаниялармен келісімді ерте жасап, тасымалды жеделдетуді тапсырдым. Жаңа оқу жылына дейін білім ұялары көмірмен қатылуы қажет. Әр аудан, қала әкіміне жылыту маусымына дайындықты қатаң қадағалап, тиісті жұмыстарды уақтылы атқаруды міндеттедім.
Қазіргі уақытта облыста көмірмен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Өңірдің жалпы қажеттілігі 778 мың тонна болса, мамыр мен шілде аралығында 88 мың тоннадан астам көмір жеткізілген. Одан бөлек, елді мекендерді газбен қамту, бюджеттік мекемелер мен мектептердің қазандықтарын газ жүйесіне ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, биыл тұрғындар мен әлеуметтік нысандардың көмірді тұтыну көлемі төмендеген. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды,--дейді облыс басшысы.