«Бір ауыл—бір өнім» жәрмеңкесі тамызда өтеді
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы аясындағы кезекті жиын өтті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Басқосуға Түркістан облысы Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері және палатаның аудандық филиал директорлары мен менеджерлері қатысты. Кездесу барысында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбеков «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру тәртібін, шарттары мен талаптарын түсіндірді.
«Басты талап - өнім жергілікті шикізаттан болуы тиіс. Сондай-ақ, өнімнің сақтау мерзімі 5 күннен кем болмауы керек. Сонымен қатар, өнімді дайындау кезінде елеулі қаржылық шығындарды талап етпейтін қарапайым құралдар мен тетіктер пайдаланылуы керек. Жыл басынан бері жобаға қатысуға ниетті кәсіпкерлерден 40-қа жуық өтініш түскен. Көрме тамыз айының басында өтеді деп жоспарланып отыр», - деді Ербол Асфандиярұлы.
Еске сала кетейік, былтыр облыстағы ең үздік үш өнімді - былғарыдан жасалған бұйымдарын ұсынған арыстық Алмакүл Есенқұлова, жеміс-жидек пастилаларын өндіретін төлебилік Феруза Басуова, ұлттық өнімдерді насихаттап жүрген түркістандық Әйгерім Номанова лайықты деп танылған болатын.