Республика күнінде төсбелгілер табыс етілді
Төлеби ауданында араға 13 жыл салып қайта оралған Республика күні мерекесіне орай, аудандық Мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осыдан 32 жыл бұрын 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен мемлекеттің егемендігі туралы декларация қабылданған болатын. Сол сәттен бастап егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде танылып, егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, рәміздері бекітілді.
Республика күнін мемлекеттік мерекелер қатарына қосуды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қолға алып, ол жөнінде Ұлттық құрылтайдың отырысында мәлімдеді.
Мерекелік жиында аудан әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров тұрғындарды «Республика күні» мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
- «Егемен елдің еңсесі биік», деген дана халқымыз. Бабаларымыздың ғасырлар бойы арман еткен бір аманаты – тәуелсіз ел болу еді, біз ол арманымызға жеттік. Алдымызда әлі де игерілмеген істер мен міндеттер тұр. Халық болып бірігіп татулықты ту етіп жұмыс атқарсақ, алда біз алмайтын асу жоқ. Сіздермен бірге биік мақсаттарға жетеміз деп сенеміз. Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын! Ел тәуелсіздігі мәңгі жасасын! Қазақстан халқының достығы мен ынтымағы арта берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, деді құттықтау сөзінде аудан әкімі.
Салтанатты шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен қоғамдық жұмыстарға белсене ат салысқаны үшін бірқатар азаматтарға Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған төсбелгі табыс етіліп, аудан әкімінің «Алғыс хатымен», мәслихаттың «Құрмет Грамотасымен» марапатталды. Мерекелік жиын концертке ұласып, аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән шырқап, күмбірлете күй төкті.