Төлебилік өрендер халықаралық байқаудың жеңімпаздары
Төлеби ауданы – суретшілер отаны. Тума талант, қылқалам шебері Молдағали Қалдыбаев, кескіндеме шеберлері Тоқболат Тоғысбаев, Ерболат Төлепбай, Құрасбек Тыныбеков және Бексейіт Түлкиевтердің есімдері әлемді шарлап кетті. Ауданның 50-ден астам қылқалам шебері Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі болса, бір ғана Қасқасу ауылынан 17 дарын иесі КСРО Суретшілер одағына мүше болуы, бұл әлемде теңдесі жоқ құбылыс.
Суретшілер мекенінен балалар көркемсурет мектебінің іске қосылуы заңдылық дер едік. Бірінші Мамыр ауылдық округі аумағынан 1984 жылы ашылған мектепте алғашқы кезде 62 оқушы тәлім алған. Қырық жылға жуық қаншама талантты шәкірттерді тәрбиелеп, оларды сурет өнеріне баулып, қиялдарына қанат бітірген білім ошағында 15 мұғалім білім береді. Көркемсурет мектебінде 25 топ болса, онда 316 оқушы бар. Оқушылар стандартты жеті пән бойынша және көркемдік-эстетикалық тұрғыда тереңдетілген бағытта білім алады.
Көркемсурет мектебінің директоры Исаков Мекенбай Панбайұлының айтуынша білім ошағы тәрбиеленушілердің рухани-адамгершілік қасиеттерін тәрбиелей отырып, олардың көркемдік және шығармашылық қабілеттерін дамыту бағытында жұмыс істейді. Оқушылар кескіндемемен, графикамен сурет салып, ағаштан мүсін оюға үйренеді. Ұстаздар балалардың бейнелеу қабілеттерін, көркемдік талғамын, шығармашылық қиялын шыңдап, жас ерекшеліктеріне орай көркемсурет өнеріне шыңдайды.
- Әкем суретке деген қабілетімді байқап осы мектепке алып келді. Қазіргі уақытта түрлі бағытта сурет салуды үйреніп жатырмыз. Болашақта танымал суретші болып ата-анамның үмітін ақтағым келеді, - дейді жас суретші Серікбай Арсен Ғазизұлы білім ордасы жөнінде.
Мектеп оқушылары Халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанып келеді. Сондай-ақ, мектеп көптеген оқушыларға шығармашылығын шыңдап, бейнелеу өнерінде жаңа білім алу алаңына айналды. Оқушылар көптеген плэнерге қатысып, білікті қылқалам шеберлерімен кездесіп, тәжірибе алмасуда. Көркемсурет мектебіне ЮНЕСКО-ның қазақстандық клубы мәртебесі берілген.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі