Дулат Исабековке құрмет көрсетілді
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург Дулат Исабековтің 80 жасқа толуына орай Ордабасы ауданында аудан зиялылары, жастар қатысқан шығармашылық кездесу өтті.
Классик жазушының құрметіне ұйымдастырылған шарада аудан әкімі Нұрбек Бадырақов құттықтау сөз сөйледі:
- Құрметті Дулат аға!
Сізді Республика күніне орай «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен және «Отан» Ордені иегері атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сізге еліміздің әлеуетін дамыту мен шығармашылық жолында Қазақ әдебиетін әлемге танытуға қосқан зор үлесіңіз бен Отанымыздың өркендеу жолындағы табанды еңбегіңіз, өз ісіңізге адалдығыңыз, Отанға деген сүйіспеншілігіңіз үшін аудан халқының атынан алғыс білдіремін!
Сізді, отандастарыңыз ұлттық әдебиетке зор үлес қосқан қаламы қарымды қаламгер және қоғам қайраткері ретінде танып, құрметтейді, мақтан етеді. Қадірлі аға!
Ел әдебиетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып, тағылымы мол құнды дүниелеріңізді асыға күтетін ойлы оқырмандарыңызды жаңа туындыларыңызбен қуанта беріңіз.
Өзіңізге зор денсаулық, қажымас қайрат және отбасыңызға бақ-береке тілеймін, - деді аудан басшысы.
Сондай-ақ кездесуде аудан әкімі мерейтой иесінің иығына шапан жауып құрмет көрсетті.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі