Кентауда автошеру өтті
Кентауда 25-ші қазан «Республика күніне» арналған дәстүрлі автошеру өткізілді. Дәстүрлі шеруге көк байрақты желбіретіп 30-дан аса автокөлік пен атбегілер қатысты. Шеру қаланың «Ынтымақ» алаңынан бастау алып, «Көктөбе» демалыс аямағынан аяқталды. Қаланың негізгі көшелерімен жүріп отырған шерудің басты мақсаты Егеменді еліміздің нышаны рәміздерімізді мақтан тұту, сүйіспеншілік сезімді ояту.
Егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті. Ел ағалары мен зиялылар ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Егемендік декларациясын халқымыздың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады.
Айта кетейік, Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған. Алайда 2009 жылы алынып тасталып, 2022 жылдың 16-шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, «25-қазан Республика күні» – ұлттық мерекеге айналды.
Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі