Түркістан жастары топ жарды
Республика күніне орай Ұлытау жерінде өткен өнерлі жастардың сайысында Түркістан облысының Ассамблея жастары топ жарды. 14-16 қазан аралығында Жезқазған қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бір ел» тарихи-ағартушылық жастар жобасы өтті. Бірлікке үндеген бұл шараға «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің жастары да қатысты.
ҚР АҚДМ «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған іс-шараның мақсаты Қазақстанда тұратын этностарды «бірлігіміз әралуандықта» қағидасы бойынша біртұтас ұлтқа біріктіру. Сондай-ақ жастардың тарихқа қызығушылығын арттырып, көшбасшылық қасиеттерін дамыту. Осы бағыт бойынша Әулиетау тауының етегінде бір шаңырақ астында уық біріктіріліп, киіз үй тігілді.
Жобаға Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Г. Құсманғали, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты В. Нәбиев, ҚР Сенаты аппараты басшысының орынбасары М. Споткай, «Елбасы академиясы» корпоративтік қорының басқарушы директоры М. Жұманбай, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Т. Джумурбаев, астаналық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Ш.Пулатов, «Ассамблея жастары» РҚБ өңірлік штабтарының, республикалық жастар ұйымдарының, аймақтық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, еріктілер т.б белсенді жастар қатысты.
Осы іс-шарада "Жайдарман" ойыны бойынша ұйымдастырылған «Достық» кубогында Түркістан облысының жастар құрамасы жүлделі III орынға ие болып, сыйлықпен марапатталды. Республикалық өнер додасына түрлі этнос өкілдерінен құралған командалар қатысты. Сайыста топ жарған облыстағы Ассамблеясы жастарының жеңісімен Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев құттықтап, тілектестігін білдірді. Жүлделі үшінші орын иеленген жастар өздерінің өнеріне қолдау жасап, Ұлытау облысына барып қайтуға қамтамасыз еткен Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” мекемесі ұжымына зор алғыстарын жеткізді.
Айта кетейік, үш күндік іс-шара барысында әр өңірден жиылған жастар тарихи орындарға саяхат жасады. Бұдан бөлек шеберлік сабақтары мен тренингтер, мотивациялық кездесулер де өтті. Жастар көшпелі экскурсияда көңілге түйгендерін ортаға салып, пікір алмасты.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі