Қырғыздар «Еңлік-Кебекті» Түркістан театрында қойды
Киелі шаһарға Қырғыз елінің театр саңлақтары гастролдік сапармен келді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры «Еңлік- Кебек» шығармасын қойды. Замананың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай, сонымен қатар Қырғызстанның Халық әртісі Нүркен Тұрсынбаевтың 80 жылдығы аясында өткен кешке ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев арнайы қатысты.
– Қазақ пен қырғыз бір туған ел. Бізге ұлы өнер мен мәдениет те, әдебиет те ортақ. Бүгінгі қойылымның авторы, қазақ халқының жазушысы Мұхтар Әуезовті қырғыз жұрты да ерекше құрметтейді. Біріншіден, «Манас» жырының сақталуына үлкен септігі тиді. Екіншіден, Шыңғыс Айтматовты әлемге танытқан тұлға, – деген Бас хатшы қос театрға арнайы сый тапсырды. Ал Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әділ Нұржанұлы Түркістан төрінде өнер көрсеткен қырғыз ағайындарға алғыс білдіріп, түбі бір түркі елдері арасындағы осындай қадамдар өзара ынтымақтастық пен мәдени-рухани байланысты нығайтуға, өнерпаздардың тәжірибе алмасуына ықпал етеді деді.
Қоюшы-режиссері – Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Н.Мендебаиров. Қойылымда XVII ғасырда өмір сүрген қос ғашықтың мөлдір махаббаты, Кебек пен Еңліктің арасындағы сезім, руаралық қақтығыстар, Нышан атты абыз әулиенің хикаяның соңын болжаған көрегендігі, кикілжіңнен пайда іздеген екі ру билерінің жауыздығы, сондай-ақ Еңлікті күтіп отырған Жапал атты жетім қойшының арманы бейнеленген.