Президенттің тапсырмаларын бірлесе шешуі маңызды
Бүгін Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Асылан Ибадуллаев Халықаралық Әзірет Сұлтан Әуежайы Басқарушы директоры Хакан Кылавузбен кездесті.
Кездесу әңгімелесу форматында өтті. Кездесу барысында Асылан Ибадуллаев Ұлттық палата қызметінде болып жатқан трансформация процесі, мемлекеттік органдармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері және өзара іс-қимыл шешімдері туралы таныстырды.
«Қазіргі экономика жағдайында еліміздегі барлық институттың бірігуі әрі Мемлекет басшысының тапсырмаларын бірлесе шешуі маңызды. Ұлттық палата ретінде кәсіпкерлерді, нарыққа қатысушыларды Үкіметпен, әкімдіктермен бірге осы процеске белсенді қатысуға шақырамыз. Биыл ақпанда «Атамекеннің» кезектен тыс съезінде қабылданған шешімдерді ескере отырып, палата қызметін трансформациялау шаралары іске асырылып жатыр. Оның маңызды бағыттарының бірі – бизнесті қорғаудың экожүйесін құру. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы қолдады. Осы мақсатта Бас прокуратура және Жоғарғы сотпен бизнеске қысымды заңмен азайту, құқық қолдану практикасы бойынша талдамалық жұмысқа баса назар аудара отырып, өзара іс-қимыл тетіктерін одан әрі жетілдіру жоспарланып отыр. Үкімет пен бизнес арасында диалог орнату үшін ұсыныстарды қорыту, ведомство өкілдерімен талқылау, іске асыру үшін барлық мүмкіндік жасалды», – деді Асылан Ибадуллаев.
Сондай-ақ, ол премьер-министрдің тапсырмасымен «Атамекен» ұсынған кәсіпкерліктің проблемалары аптасына 2 рет талқыланатынын және ерекше бақылауда екенін айтты.
Халықаралық Әзірет Сұлтан Әуежайы Басқарушы директоры Хакан Кылавуз Ұлттық палата жұмысындағы жаңа тәсілдерді қолдады.
Айта кетейік, Халықаралық Әзірет Сұлтан Әуежайы әлемдік стандартқа сай және заманауи құрылыс технологиясымен дүние жүзіндегі ең жылдам салынған аэропорттық нысан болды. Киелі Түркістан өз құшағын жайып, жылына үш миллион жолаушыны қабылдай алады.