Теріскейге көш үзілген жоқ
Биыл Солтүстік өңірлерге қоныс аударуға республика бойынша 6424 квота бөлінген. Квота негізінде бүгінге дейін оңтүстіктен 270 отбасы, яғни 951 адам теріскейге қоныс аударған. Тұрғындардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына көшкен. Жуырда «Түркістан» телеарнасы күнгейден түстікке қоныс аударған тұрғындардың тыныс-тірішілігімен таныстыратын «Теріскейге көш» бағдарламасын іске қосты.
Алғаш рет телеарна басшылығының бастамасы және «AMANAT» партиясының атсалысуымен арнайы телекөпір ұйымдастырылды. Студияға сарапшы ретінде Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, «Ұлы көш» қоғамдық ұйымының төрағасы Жаңабай Ағабеков, облыстық партия филиалы жанындағы «Jastar ruhy» ЖҚ-ның төрағасы Жансерік Жұман қатысты. 2 сағаттық эфир барысында қоныс аударушылар үшін нақты қандай көмектер қарастырылады, жиі қайталанатын проблемалар және солтүстік өңірдегі тіршілік барысы жайлы әңгіме өрбіді.
Телекөпірде түркістандық тұрғындарды сұранысқа ие мамандықтар, көшкендердің үймен толықтай қамтылуы, балалардың балабақша және мектепке орналасуы сынды мәселелер қызықтырды. Петровпавл аймағынан жауапты мамандар тікелей қосылып, азаматтарды алаңдатқан сауалдарға жауап берді.
Сондай-ақ Ә.Темірбаеваның мәліметінше биыл сәуір айында «Еңбек нарығының болашағы, жаңа мүмкіндіктер» тақырыбымен облыстық-аймкақтық бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі Түркістан қаласында ұйымдастырылған. Көшуге ниетті азаматтарды ынталандыру мақсатында Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының жұмыс берушілері 6628 бос жұмыс орындарын ұсынған. Қоныс аударушылар үшін материалдық көмектен бөлек, тұрғын үйді жалдау мен сатып алу үшін берілетін субсидиялар халыққа насихатталды. Нәтижесінде аудан, қалалардың жұмыспен қамту орталықтарына 77 азамат аталған жеңілдіктерге қызығушылық білдіріп келген. Олардың басым бөлігі Сарыағаш, Келес және Қазығұрт аудандарының тұрғындары.
Бірнеше жылдан бері Ж.Ағабеков облыстық партия филиалымен бірлесіп, түркістандықтар үшін сапарлар ұйымдастыруға атсалысты. Оңтүстік халқын теріскеймен таныстыру мақсатында сапар шығындарына демеушілік көрсетіп келеді. Эфирде ол дәл осындай қолдауды жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
Ал, Ж.Жұман «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасын сөз етіп, студенттік гранттардың тиісті деңгейде игерілмей жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, «Жас депутаттар корпусы» мүшелері шалғай ауыл жастарын, әсіресе мектеп бітіруші түлектерді аталған бағдарламаның мүмкіндіктерімен таныстыруда. Мұндай тәсіл еліміздің барлық аймағында іске асса, нәтиже береді деген пікірде.
Жалпы 2015-2021 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына Түркістан аймағынан 10 мың адам көшкен. Теріскейге қоныстануға ниетті азаматтардың саны жыл сайын артуда. Мәселен, 2020 жылы 347 отбасы қоныс аударса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 800 отбасыны құраған.
Ішкі көші-қон көрсеткішінің артуы немесе төмендеуі тікелей ақпараттық-насихат жұмыстарына байланысты. Оның ішінде телебағдарламалар мен әлеуметтік желінің де рөлі маңызды. Мұндайда түйткілдерді анықтап, оңтайландыру жолдарын қарастыру керек. «Түркістан» телеарнасы саяси ұйыммен бірлесіп бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырмақ.