Шақпақтықтар көтерген мәселе назардан тыс қалмайды
Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков жұмыс сапармен Шақпақ ауылына барып, тұрғындармен кездесті. Мемлекет басшысының "Әкімдердің халықпен кездесуі туралы" Жарлығы аясында өткен кездесуде шақпақтық тұрғындар елді мекенді табиғи газға қосу, ауыз су, спорт кешенін салу, ұялы байланыс мәселелерін көтерді.
Ержігіт Шәріпбекұлы тұрғындардың елді мекенге қатысты көтерген мәселелері назардан тыс қалмайтынын айтып, қойылған сұрақтар бойынша жоспарға сәйкес жұмыстар жасалынып жатқандығын жеткізді. Шақпақ ауылын газдандыру және ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарын жүргізуге, спорт кешенінің құрылысына әзірленген жобалау-сметалық құжаттамаларын қаржыландыруға ұсынылғанын айтып өтті. Сонымен қатар келесі жылы балалар ойын алаңшасын салуды да жоспарлап отырғанын айтты. Ұялы байланыс бойынша тиісті мамандарға зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар аудан әкімі бекітілген кестеге сәйкес Боралдай ауылдық округі тұрғындарымен де кездесті.
Округке қарасты 11 елді мекеннен жиналған тұрғындар Боралдай аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын беріп, аудан әкіміне шешілуі тиіс өзекті деген бірқатар ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда сапалы электр энергиясы мен ұялы байланыс, бағаналарды ауыстыру, ауыз су, жайылымдық жер, ішкі көшелерді асфальттау, елді мекендерді табиғи газға қосу және де тағы да басқа әлеуметтік мәселелер көтерілді.
Көтерілген мәселелер бойынша Ержігіт Шәріпбекұлы жоспарға сәйкес тиісті жобалар әзірленіп, бірқатар жұмыстарды қаржыландыру үшін облыстық және республикалық бюджетке ұсыныс жолданғанын айтып өтті. Тұрғындардың айтқан бірқатар ұсыныстарын жүзеге асыру үшін сала бойынша орынбасарлары мен тиісті бөлім басшыларына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, орындау жөнінде тапсырма жүктеді.