Депутат қиын жағдайдағы азаматқа қол ұшын созды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев съезд делегаттарына мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталғанын айтты. Президенттің пікірінше, «Аmаnаt» осы жүйелі өзгерістерге белсене атсалысып келеді. Сонымен қатар партияның қолға алынған реформаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға қосып жатқан үлесіне тоқталды.
– «Аmаnаt» әлеуметтік әділдік қағидатын орнықтыруға әрдайым баса мән береді. Мемлекеттілікті нығайту және ел бірлігін бекемдеу – ұйымның айрықша миссиясының бірі. Өткен съезде партияға ребрендинг жасау қолға алынды. Сондай-ақ, оны институционалдық тұрғыдан жаңарту жұмысы басталды. Партия бұл міндеттерді орындауға дереу кірісіп кетті. Нақты нәтиже бар, өзгерістерді қазірдің өзінде көріп отырмыз. Осы қарқынды бәсеңдетпей, жұмысты одан әрі жалғастыру керек, – деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Келес ауданы, Алмапыс батыр ауылдық округінің тұрғыны М.Бакбуршинов І топтағы мүмкіндігі шектеулі әрі жалғызбасты азамат. Қараусыз қалған жанның жағдайына алаңдаған ауыл белсенділері «AMANAT» партиясы Келес аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп, М.Бакбуршиновтың халі жайлы баяндады. Көмек көрсетуге өтініш білдірген тұрғындарды аудандық мәслихат депутаты Камила Тұржанова тыңдап, мәселені зерделеді. Қоғамдық қабылдаудан соң қиын жағдайдағы азаматтың үйіне арнайы барып, қариямен кездесті.
Тозығы жеткен едендер, қираған есіктер, жалпы жарамсыз күйдегі баспанада күн кешіп жүрген жалғызбасты азаматтың жағдайы депутатты бей-жай қалдырмады. Ол тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге уәде беріп, мәселені бірден қолға алды.
Нәтижесінде К.Қуандыққызының демеушілігімен тұрғын үйге толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Есік-терезелері және едендері жаңартылып, қабырғалары әрленді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтың жүріп-тұруын оңтайландыру мақсатында үй ішіне әжетхана да орнатылды.
Осылайша М.Бакбуршиновтің мәселесі «AMANAT» партиясының ''Халыққа көмек'' партиялық жобасы аясында оң шешімін тапты. Халық қалаулысы мұнан кейін де азаматқа әлеуметтік көмек түрлері көрсетілетінін жеткізді.