Партияның арқасында тұрғынның мәселесі оң шешілді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев съезд делегаттарына мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталғанын айтты. Президенттің пікірінше, «Аmаnаt» осы жүйелі өзгерістерге белсене атсалысып келеді. Сонымен қатар партияның қолға алынған реформаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға қосып жатқан үлесіне тоқталды.
– «Аmаnаt» әлеуметтік әділдік қағидатын орнықтыруға әрдайым баса мән береді. Мемлекеттілікті нығайту және ел бірлігін бекемдеу – ұйымның айрықша миссиясының бірі. Өткен съезде партияға ребрендинг жасау қолға алынды. Сондай-ақ, оны институционалдық тұрғыдан жаңарту жұмысы басталды. Партия бұл міндеттерді орындауға дереу кірісіп кетті. Нақты нәтиже бар, өзгерістерді қазірдің өзінде көріп отырмыз. Осы қарқынды бәсеңдетпей, жұмысты одан әрі жалғастыру керек, – деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне әлеуметтік мәселелерден бөлек, елді мекендердің инфрақұрылымына қатысты өтініштер жиі келіп түседі. Мәселен, Сайрам ауданы, Арыс ауыл округі табиғи газ жүйесі қосылған. Дегенмен, кейбір отбасылар қаржы тапшылығына байланысты әлі де қол жеткізе алмай келеді. Жалғызбасты ана Г.Анарметова газбен қамтамасыз ету өтінішімен аумақтық партия филиалына бас сұқты. Жомарт азаматтардың ықпалымен тұрғынның өтініші орындалып, көгілдір отынға қол жеткізді.
Қазығұрт ауданында да мәселенің түйінін шешуге аудандық филиал сеп болды. Қазығұрт ауылының тұрғыны Р.Айтубай көше бойына жиналған күл-қоқыстар уақытылы тазаланбайтыны жөнінде әлеуметтік желіге жариялаған болатын. Мұнан бөлек ауыз судың тоқтауына да шағымданған. Аудандық филиалдың ықпалымен, Қазығұрт коммуналдық шаруашылығы МКК-не ескерту жасалды. Нәтижесінде елді мекен ішіндегі қоқыстар түгел тазартылды. Ауыз су да тұрғындарға уақытылы беріліп, мәселе өз шешімін тапты. Жалпы жергілікті қоғамдық қабылдауларға келіп түсетін әрбір мәселе зерделеніп, заң аясында тиісінше оң шешілуде.