Мақтааралда жаңа оқу жылында 300 орындық мектеп пайдалануға беріледі
Мақтаарал ауданы А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Абат ауылында Ж.Нұрлыбаев атындағы жалпы орта мектептің 300 орындық жаңа ғимаратының құрылысы аяқталуға таяу қалды.
Аудан әкімі Бақыт Асанов аталған мектеп ғимаратының құрылыс жұмыстарымен арнайы танысып, сапасын тексерді.
Ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысымен конкурстық құны 867 миллион теңгеге мердігер "Нүрі-Л-Жетісай" ЖШС-і нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізді. Ғимараттың жалпы ауданы 6936,39 шаршы метрді, жер телімінің көлемі 1,6 гектарды құрайды. Құрылыстың техникалық қадағалауын "Фараб құрылыс" ЖШС-і іске асырды.
Жаңа мектеп ғимаратында оқушылардың заманауи білім алуларына арналған барлық пәндік кабинеттер толықтай жаңа технологиялармен жабдықталған. Атап айтқанда, ғимаратта физика, химия, информатика кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық кабинеттері, кітапхана, спорт залы және асхана орналасқан.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында қазіргі таңда жалпы 6 мектептің құрылысы жүріп жатыр. 2025 жылға дейін ыңғайластырылған мектеп ғимараттарының мәселесі толығымен шешілмек.