Премьер-министрдің орынбасары Мақтааралда халықаралық сауда орталығын құруды қолдады

Oinet.kz 15-07-2022 237

Screenshot_4.jpg

Ақмола облысы "Зеренді" демалыс аймағында өтіп жатқан "Amanat" партиясы "Жастар Рухы" жастар қанатының VI Съезінің үшінші күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғажанов ашық алаңның қонағы болды. 

Қызу пікірталас барысында вице-премьер жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру және басқа да өзекті мәселелерді шешу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.

Жиын барысында вице-премьерге мен де бірнеше сауал қойып, жастар арасындағы жұмыссыздықты жою бойынша жеке ұсыныстарымды, жобаларымды айттым. 

Ең алдымен өзім тұратын Мырзашөл өңірінде 400 мыңға жуық халық тұратынын, оның 100 мыңнан астамы жастар екенін мысал ретінде келтіріп, шекаралық аймақта жастарға көптеген жұмыс орындарын ашып, кәсіптерін бастау үшін Қытай мен Қазақстанның арасындағы "Харгос" сияқты халықаралық сауда орталығын Мақтаарал ауданында да құру керектігін атап өттім. 

Мақтаарал ауданында "Атамекен" кедендік бекеті мен "Сырдария", "Целинный" шекара бекеттері жұмыс істеп тұр. 2005 жылға дейін М-39 "Ташкент-Термез" магистральді дәлізінің бойында орналасқан "Сапар" сауда базары өте жоғары деңгейде дамып, көптеген адамдардың кәсіп жасап, сауда-саттықпен айналысуына мүмкіндік берді. Тіпті, аудандық бюджеттің басым бөлігін дәл осы базар толтырып отырған болатын. Өкінішке орай, Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасының нашарлауына байланысты "Целинный", "Сырдария" шекара бекеттері 2005 жылы жабылып, "Сапар" сауда базарының дамуы тежелді. Кейіннен "бетонка" деген атпен танымал М-39 халықаралық трассасы да қараусыз қалып, жарамсыз күйге түсті. 

Қазіргі таңда Атакент кентінің маңындағы "Атамекен" кедендік бекетін "Целинный" шекара бекетіне көшіру мәселесі де ауданның күн тәртібінде тұр. Көрші елге өтпекші болған жүк көліктері кедендік бекет маңында кептеліске ұшырап, Атакент кентінде жол қатынасын қиындата түсті. Мәселенің бірден бір шешімі - кедендік бекетті көшіру. Осылайша "Сапар" сауда базары жақын орналасқан "Целинный" шекара бекетінің маңын үлкен инфрақұрылыммен, сапалы сервистермен қамту керек болады. Ол үшін "Сапар" сауда базарын "халықаралық базар" жобасы ретінде дамытуды қолға алу керек. 

Міне, осы жұмыстардың бәрі Үкімет тарапынан назарға алынып, қолдау көрсетілсе Мырзашөл өңірінің жастары жұмыссыз қалмайтын еді. Сондай-ақ, бұл еліміздің ең оңтүстігінде орналасқан, халқы тығыз Мақтаарал, Жетісай аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың бірден бір тетігі деп білемін. 

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов менің әрбір сөзімді мұқият тыңдап, аталған жобаға қолдау көрсететінін айтты. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданынан халықаралық сауда орталығын құру жобасын ең бірінші болып хаттамаға түсіртіп, оның орындалуын тікелей өзі бақылайтынын айтты. 

Мақтааралда "Парасат" пікір-талас клубының кезекті отырысы өтті
Мақтааралда жаңа оқу жылында 300 орындық мектеп пайдалануға беріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу