Мырзакентте спорт сарайының құрылысы жүргізілуде

Oinet.kz 20-07-2022 270

Screenshot_11.jpg

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын.

– Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын.

Осы орайда Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакентте жастарға спортпен шұғылдануға мүмкіндік сыйлау үшін спорт сарайының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда құрылыс нысанының іргетасы қаланды. Спорт сарайы ел игілігіне берілгеннен соң аудан жастарының көптеген спорт түрлерімен кәсіби деңгейде айналысуына мүмкіндік туады. 

Нысанның конкурстық құны 881 миллион теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарын мердігер "Нүрі-Л-Жетісай" ЖШС-і жүргізуде. Ағымдағы жылы сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары келесі 2023 жылдың соңына дейін жалғасатын болады. 

Жалпы спорт сарайының жобасы бойынша нысан 2 қабаттан тұрады. Сондай-ақ, 2 үлкен спорт залы және жаттығу залы, сабақ өтуге арналған арнайы залдар бар. Бірінші қабаттағы спорт залында спорттың гандбол, баскетбол, волейбол түрлері дамытылатын болады. Ал, екінші спорт залында күрес, бокс, гимнастика, ауыр атлетика, жеңіл атлетикамен айналысуға барлық жағдай қарастырылады. 

Бұдан бөлек, әкімшілік қызметкерлеріне арналған кабинеттер мен бөлмелер, дәрігерлердің кабинеті, киім шешетін және жуынатын бөлмелер, спортпен шұғылданушылардың демалуына арналған үй-жайлар, санузелдер және ғимарат сыртында автотұрақ пен шағын футбол алаңшасын орналастыру жоспарланған. 

Айта кетейік, аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен Мақтаарал ауданында жастардың спортпен шұғылдануына көптеген жағдайлар жасалуда. Бұған дейін құрылысы аяқталған Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионы және түрлі ауылдарда 10-нан астам кіші футбол алаңшалары ел игілігіне берілді.  

Жетісай мен Мақтааралда ағын суды молайту бағытындағы жұмыстар жалғасады
​Мақтааралдық оқушыларға сый-сияпат жасалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу