Жол сапасын тексерді

Oinet.kz 25-07-2022 446

Screenshot_21.png

Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев Қабланбек ауылдық округіндегі, Тыңтөбе елді мекененіне қарасты Ырысты көшесіне арнайы барып, төселген асфальт жамылғысының сапасына ауыл тұрғындарының қатысуымен кезекті қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізді. Қоғамдық бақылауға  ауылдық округінің әкімі, ауыл биі, ақсақалдары, мердігер және техникалық қадағалаушы мекемелердің басшылары қатысты. Осы орайда, жолдың жай-күйімен танысып шыққан аудан басшысы -жол құрылысына жауаптылар жүктелген міндеттеріне салғырт қарамай, бөлінген қаражатты негізсіз жұмсамауы тиіс. Себебі, жыл сайын республикалық, облыстық және аудан аралық жолдарды ретке келтіру үшін қыруар қаржы бюджеттен бөлінеді. Дегенмен жөндеу жұмыстарын жүргізетін кейбір мердігерлер сапаға емес, белгіленген уақытта аяқтау қағидасына жұмыс істегендіктен, салынған жолдар бір жылға да шыдас бермей бүлініп қалуда. Сол себепті мердігер мекеменің басшысына ел игілігіне бағытталған жұмыстардың сапасына қатаң мән беру қажеттігін ескертті. 

- Үлкен жолдың бойында тұрсақ та талай жылдан бері топырақ кешіп жүр едік. Енді, міне, көшемізге асфальт төселді. Бұған әсіресе, балаларымыз қатты қуанды. Көшеміздің ажары кірді. Бұл үшін ауыл тұрғындарының атынан алғысымыз шексіз, - деді аудан әкімімен жүздескен Тыңтөбе елді мекенінің тұрғындары. Сондай-ақ, ауыл ақсақалы Мамыраймов Тұрсынхан өз ризашылығын жеткізіп ақ батасын берді. 

Қазіргі таңда аталған көшенің жалпы 1,6 шақырымына мердігер мекеме тарапынан асфальт жамылғысы төселіп, бүгінгі таңда тұрғындардың игілігі үшін пайдалануға берілген. 

Сонымен қатар, биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен Қабланбек ауылдық округіне қарасты Зах және Тасқұлақ елді мекендеріндегі  жалпы 7 көшенің 5 шақырымына асфальт төселетін болады. Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде Қабланбек ауылдық округіндегі асфальт жолдардың  үлесі 58 пайызға артады. 

Достықта жаңа мектеп салынуда
Қабланбектіктердің ұсынысы ескерілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу