«Аgro Кentau» мобильді қосымшасын жүзеге асырылмақ
Бүгінде электронды сауда саласы ұлттық экономиканы дамытудың маңызды секторларының біріне айналды. Цифрландыру мен жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясы оның сала ретінде қарқынды дамуына айтарлықтай ықпал етті. Елімізде де электронды сауда нарығы қарқынды дамып келеді. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше 2021 жылы B2C (бизнестен тұтынушыға) электронды сауда нарығының көлемі 1 286,8 млрд теңгеге жеткен.
Кентау қаласының тұрғындары да онлайн сауда жасауға үйренісіп келеді. Осы мақсатта таяуда Кентау қаласында "Аgro Кentau" мобильді қосымшасын жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жоба тұрақты бағамен өнім сатып алуға және тікелей сауда-саттықты арттыруға мүмкіндік береді. Өнім өндіруші өз тауарын осы қосымша арқылы тікелей сатылымға шығарып, уақытын тиімді пайдаланады. Ең тиімдісі сауда-саттық делдалсыз жүзеге асырылады.
Аталмыш жүйе «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізінде жүзеге асырылады. Мұндағы мақсат –тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, сонымен қатар ұлттық экономиканы цифрландыру. Елде онлайн-сауда, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту қолға алынуда.
Экономикасы, әлеуеті дамыған өркениетті, дамыған елдердің барлығы дерлік сандық жүйеге ойысып, өнеркәсібінің дамуына және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді.
Қалада аталмыш жоба іске қосылған сәттен кез-келген қала тұрғыны үйде отырып-ақ, ауылшаруашылық азық-түліктерін тікелей тапсырыс беріп, үйіне дейін алдыруға мүмкіндік алады дейді мамандар.