Қаратөбе ауылының тұрғындарымен кездесу өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен әкімдер белгілі бір мерзім сайын ауыл-аймақты аралап, халықтың жағдайымен танысу керек.
Осы орайда бекітілген кестеге сәйкес Төлеби ауданы әкімінің үшінші тоқсандағы алғашқы кездесуі Қаратөбе ауылдық округінен басталды. Кездесуге округ халқы, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров, ардагерлер кеңесінің, қоғамдық кеңес төрағалары, дербес бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Кездесу сұрақ-жауап форматына арналып, тұрғындар округте атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, өтініштерін жеткізді. Округ халқының бірінші кездесу барысында көтерген мәселелері бойынша қолға алынған жобалармен аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Лесбек Серікбаев таныстырып, сұрақтарға жауап берді.
Кездесуде тұрғындар Бақырауық бұлағынан су тарту, ауылдағы почта ғимаратының жағдайы, электр жарығы, жастарды жұмыспен қамту, ойын алаңшасын орнату және тағы басқа мәселелерді көтерді. Қойылған сұрақтарға Лесбек Әуезханұлы жауап беріп, көтерілген мәселелердің шешу жолдары мен орындалу кезеңі жайында айтып өтті.