«Келтемашат-Дәубаба» автомобиль жолы жөндеуден өтіп ил игілігіне беріледі
Осыған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдардың жағдайына қатысты азаматтардың айтып жүрген сыны орынды деп баға берген болатын. Бұл туралы ол Twitter-дегі парақшасында жазды.
«Еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына қатысты азаматтардың айтып жүрген сыны орынды. Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет етеді және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр. Үкіметке, әкімдер мен құқық қорғау органдарына жағдайды реттеу үшін жүйелі шаралар қабылдап, оның есебін беруді тапсырдым» деп жазды Президент.
Осы орайда Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен Түлкібас ауданындағы облыстық маңызы бар «А-2-Кершетас-Келтемашат-Дәубаба» КХ-71 автомобиль жолының 26 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүруде.
Бекітілген сметалық құжаттамаға сәйкес, жолдың жарамсыз бөліктерінде жол негізін қайта қалпына келтіру және екі қабат асфальт жабынын салу жұмыстары жүруде. Сондай-ақ, асфальт қабатының жарамды жерлерінде бір қабат асфальт жабынын салу жұмыстары қарастырылған.
Аталған жұмыстар бекітілген жұмыс-өндірістік кестеге сәйкес атқарылуда. Бүгінгі таңға дейін, 26,2 шақырым жолдың 14 шақырымына асфальт жабыны салынған. Сонымен қатар, жол бойындағы елді мекендер ішіне жаяу жүргіншілерге арналған 7,7 шақырым аяқ жол салу жұмыстары жүргізілген. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы техникалық қадағалаушы «Оңтүстік жолдары» МКК және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК тарапынан тұрақты бақылауға алынған.