Тұрғындар парақорлықтың алдын алуда
Шымкентте парақорлық пен жымқыру фактілері бойынша құқық қорғау, құрылыс және білім саласы көш бастап тұр. Одан кейін денсаулық, салық және жер қатынастары тізімде бар. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев айтты. Сондай-ақ, ол биылғы 8 айдағы сала қызметінің нәтижелерімен бөлісті.
Атқарылған жұмыстармен таныстырған департамент басшысының бірінші орынбасары жыл басынан бері 63 қылмыс анықталғанын атап өтті. Олардың 45-і сыбайлас жемқорлық сипатында. Жымқыру фактілері бойынша – 17, парақорлық бойынша 30 қылмыс тіркелген.
Сондай-ақ, Талғар Серікбаев пара алу, беру фактісінің жолын кесуге ықпал еткен азаматтарға арнайы сыйақы қаралатындығын жеткізді. Ол үшін, 1424 колл орталығы жұмыс істейді. Мәселен, бұған дейін сыбайлас жемқорлықтың алдын алған 11 Шымкенттік тұрғынға 2 миллион теңге шамасында сыйақы берілген.
Қазіргі таңда департамент тарапынан бизнес пен инвесторларды қорғау жобасы іске асырылуда. Сондықтан, кез келген кәсіпкерлік обьектісі мемлекеттік органдар тарапынан қысым көрген жағдайда департаментке жүгінуіне болады. Айтып өтейік, жыл басынан бері қала тұрғындарынан департаментке 1083 арыз-шағым түсіп, тиісті шаралар атқарылған.