Мәжіліс депутаттары Сарыағашта
Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай мен Елнұр Бейсенбаев және "Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен кездесті. Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі Елбасы тапсырмасының ауданда орындалу барысы мен бірқатар мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелері сөз болды.
Аудан әкімі алдымен халық қалаулыларына ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын айтты. Өзге аймақтармен салыстырғанда, ауданда әр салада жоғарғы көрсеткіштер, өсімдер байқалады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін бірқатар шаралардың қолға алынатынын атап өтті.
Сарыағаш ауданы өнеркәсібі де, ауыл шаруашылығы да дамыған өңір саналады. Республикадағы жылыжай кешендерінің басым бөлігі осында орналасқан. Шаруалар тамшылатып, жаңбырлатып суару сияқты жаңа технологияларды жақсы меңгеруде. Климат қолайлы болғандықтан мұнда көптеген тың ауыл шаруашылығы жобалары жүзеге асуда. Кездесу барысында, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру, аймақтағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және жол инфрақұрылымын дамыту секілді маңызды мәселелер талқыланды.