500 адамдық заманауи емхана салынады

Oinet.kz 10-08-2021 395

Screenshot_7.png

Шымкентте бір ауысымда 500 адам қабылдай алатын заманауи емхана салынады. Медицина нысаны қалалық №9 емхананың орнына бой көтермек. Шаһардың бас дәрігері Бақытжан Позиловтың айтуынша, бұл медициналық мекеменің қазіргі ғимараты өте ескі әрі халық саны көп болғандықтан емделушілерге қолайсыздық тудырып отыр.

Бұл Шымкент қалалық №9 емхананың емделушілері. 68 320 адам тіркелген медициналық мекемеде 460 қызметкер жұмыс істейді. Тұрғындарға алғашқы көмек осы жерде көрсетілсе де диагностикалық және лабораториялық тексерулер үшін қала орталығына бару қажет. Сондай-ақ, ғимарат заман талабына сай жабдықталмаған әрі өте ескі. Мұны ақ халаттылар да растап отыр.

Шымкенттің бас дәрігері алдағы уақытта бұл емхананың орнына бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын жаңа емхана салынатындығын жеткізді. Қазіргі таңда медициналық мекеме салу үшін инвестор тартылып, арнайы жер беріліпті. Ол халық үшін қолайлы болады дейді Бақытжан Позилов.

«Ол жерде бүкіл диагностикалық құрал-жабдықтар болады. УЗИ, рентген, МРТ, КТА, қосымша жедел жәрдемі болады. Халық үшін үлкен ғимарат болайын деп тұр. Емхана соғылғаннан кейін №9 емхананың бүкіл медицина қызметкерлері, дәрігерлер, тазалықшылар, күзетшілер барлығы сол емханаға ауысады өзінің учаскелерімен бірге. Олардың айлықтары мен әлеуметтік пакеттері қысқармайды»,- дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.

«Жерді «СПК Шымкенттің» көмегімен алып отырмыз. Көлемі 50 Га. Ал, осы емхананың құрылыс жобасы 5000 шаршы метрді құрайды. Осы аумақтағы барлық халыққа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі негізінде халыққа тегін медициналық көмек көрсетіледі міндетті сақтандыру жүйесі шеңберінде»,- дейді инвестор Ерқабыл Жақсылықов. 

Айта кетейік, емхана құрылысы ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталып, 2022 жылдың соңы немесе 2023 жылдың басына қарай аяқталады деп жоспарланып отыр.


«Шаңырақтың» берері көп
Құрылыстың сапасына мән беру қажет
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу