Түркістан облысында жаңа оқу жылында 70 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын аттайды

Oinet.kz 03-08-2021 413

Түркістан облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты болса, жаңа оқу жылы офлайн форматта өткізілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев мәлімдеді.

image.png

Оның сөзінше, жаңа оқу жылында балалар арасында індеттің таралуын болдырмау үшін алдын алу шаралары қатаң қадағалауға алынған.

- «Бүгінде облыс мектептерінде 61 515 мұғалім жұмыс істейді, оның 58 820-сы вакцина қабылдаған. Ал, білім ұяларында жұмыс істейтін 23 932 техникалық маманның 18 753-і екпе салдырды. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін мектепте жұмыс істейтін барлық мамандар 100 пайыз індетке қарсы екпе салдыратын болады. Мұның барлығы балаларымыздың қауіпсіздігі үшін қолға алынып жатқан шаралар», – деді Р.Жолаев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы өңірдегі мектептердің жаңа оқу жылына байланысты техникалық базасының дайындығы жөнінде де баяндады.

- «Облыста 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту деңгейі 97,8 пайызға жеткен. Биыл бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу үшін қосымша 4000 орын ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, жаңа оқу жылында 69939 бала бірінші сынып табалдырығын аттайды деген болжам бар. Қабылдау жұмыстары толық автоматтандырылған. Бүгінгі таңда 47266 өтініш қабылданды, бұл 78 пайызды құрап отыр», – деді Р.Жолаев.

Сонымен қатар, басқарма басшысы алдағы оқу жылында 1,3,7,8 сыныптарға бірқатар оқулықтар мен 3,6,8 сыныптар үшін зерде бұзылыстары бар оқушыларға арналған оқулықтарды сатып алуға тапсырыс берілгенін жеткізді.

Биыл қажеттілікке байланысты облыста 78 мектептің құрылысы жүргізілуде. Биыл соның 44-ті пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал, 2025 жылға дейін қосымша 130 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр.

Түркістан облысының Бас имамы азаматтарды екпе салдыруға шақырды
«Қазақстан - ұлылардың Отаны» велосаяхаты мәреге жетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу