Алғашқы жартыжылдықта 5 медициналық ұйым ашылмақ
Жеке кәсіп иелерінің әлеуметтік жобалаларға белсене араласуы әлемдік тәжірибеде бар дүние. Сол себепті Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмысты мейлінше жүйелей түсу қажет. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында да қадап айтқан болатын. Әсіресе кәсіпкерлерді денсаулық сақтау нысандарын бірлесе салуға, жаңғыртуға шақырған болатын.
Бұл бастама Шымкент қаласында да сәтті жүзеге асырылып келеді. Мамандардың дерегі бойынша Шымкент қаласында бүгінгі таңда тұрғындарға 36 медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Алғашқы жартыжылдықта жаңа 5 медициналық ұйым ашылып, денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік байланыстар жолға қойылды. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 9 млрд. теңге қаралып, медицина ұйымдарының базасын жаңарту жұмыстары 71 пайыздан 81 пайызға жетті.
Биылғы жылы 6 медициналық ұйымның ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілсе, алдағы бес жыл ішінде 10 медициналық ұйымның құрылыстары қолға алынбақ. 2023 жылға дейінгі мерзімде қала орталығынан шалғайда жатқан аумақтарда 12 дәрігерлік амбулатория салынатын болады.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында халыққа ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында медициналық персоналдың 30 пайызын қамти отырып, Израиль, Алмания, Ресей, Литва мемлекеттерінің озық медицина ғалымдарын тарта отырып, тәжірибе арттыру дәрістерін ұйымдастыру жоспарланған.