Шаһарда бұқаралық спорт инфрақұрылымы дамып келеді
Шымкентте бұқаралық спорт инфрақұрылымы қалыптасып келеді. Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтенов Президенттің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді. «Жолдауыңызда жастарды спортқа көптеп баулу мәселесін айтқан болатынсыз. Қалада 890 спорт нысаны бар. Бұқаралық спортпен тұрғындардың 31 пайызы қамтылған.
Биыл қаланың шалғай елді мекендерінде 115 әмбебап спорт алаңшалары салынады. Төрт мыңнан астам бала спорт үйірмелерімен қамтылады»,-деді әкім.
Ағымдағы жылдың 6 айында қалада дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 324690 адам немесе қала тұрғындарының жалпы санынан 30,6%-ды құраған. Ал қосымша шығармашылық және спорттық үйірмелермен қамтамасыз етілмеген балалар саны – 76 176. Шаһарда спорттық үйірмелерді жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы бұқаралық спортпен шұғылданатын жастардың қатарын арттыру көзделіп отыр. Шымкенттік өрендер шілде айынан бастап жаңа жоба аясында ақылы үйірмелерге тегін бара алады. Ол үшін кәсіпкерлер мен ата-аналар арнайы сайтқа тіркеліп, электорнды қолтаңба арқылы өтінім беруі тиіс. Спорттық тапсырысты жүзеге асыру мақсатында 2021 жылдың 6 айында (шілде-желтоқсан) 4096 баланы, оның ішінде 96 мүмкіндігі шектеулі баланы спорттық үйірмемен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл көрсеткіш 2021 жылы үйірмемен қамтылмаған бос балалардың қосымша спорттық секциямен қамту үлесінің 5,3 % -ын құрайды. Биыл спорттық тапсырысты қаржыландыру үшін 339 823 606,1 теңгеге қажеттілік туындауда. Қажетті қаражатты кәсіби спорттан бұқаралық спортқа қайта бағдарланатын қаражат есебінен қарастырылмақ.
Айта кетейік, Токио қаласында өтетін ХХХІІ-Жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасы сапына енген спортшыларымыз қызу дайындық үстінде. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының спортшылары Жазғы Олимпиада ойындарына 11 жолдаманы жеңіп алды.