Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы тұрақты
Биыл Ордабасы ауданы Қажымұқан ауыл округіне қарасты Көктөбе елді мекеніндегі "Жанұзақ Ата" шаруа қожалығы картоптан мол өнім алмақшы. 10 гектар аумаққа картоптың ресейлік "Коломбо" сортын еккен шаруа қожалық басшысы Бағдат Жолдасбеков өнім көлемін 250 тоннадан асыруды көздеп отыр. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Жалпы өзіме тиесілі 25 гектар суармалы жердің 10 гектарына шетелдік тұқым салғанбыз. 15-20 күнде өнім жинау жұмыстары басталса, әр гектарынан 250-400 центнер өнім аламыз деген ойдамыз", дейді шаруа қожалық басшысы.
Алдағы уақытта дайын өнім сұрыпталып, Шымкенттің базарларына саудаланбақ. Кәсіпкердің айтуынша, бір келісінің бағасы 160-180 теңге аралығында болмақ. Қазіргі таңда аталған шаруа қожалығы 15 азаматты маусымдық жұмыспен қамтып, орташа есеппен 100 мың теңге көлемінде айлық жалақы беріп отыр.
Айта кетері, халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп атапа өткен болатын. Президент Жолдауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз етуді, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыруды, еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейтуді, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыруды тапсырғаны белгілі.