Қараусыз жүрген 61 жасөспірім анықталды
Шымкент қаласының аумағында “Түнгі қаладағы балалар” жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды. Екі аптаға созылған іс-шара барысында Қаратау аудандық полиция басқармасы Ювеналдық полиция бөлім қызметкерлері түнгі уақытта кәмелетке толмағандарға қатысты немесе олар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында арнайы бағытқа бөлініп, жастар көп шоғырланған орындарында және түнгі уақытта ойын-сауық орындарында мақсатты рейдтік іс-шаралар жүргізді. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігімен түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдердің қарауынсыз жүрген 61 жасөспірім анықталып, олардың ата-аналары әкімшілік хаттама толтырып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция басқармасының мамандары сондай-ақ іс-шара аясында кәмелетке толмағандар тұратын қолайсыз отбасыларға, полиция органдарының есебінде тұрған кәмелетке толмағандардың үйіне барып олардың тұрғын-тұрмыстық жағдайларын тексеру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, құқықтық көмек пен кеңес бере отырып, тұрғындар арасында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық профилактикасы бойынша ішкі істер органдары қызметі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Мамандар ата-аналарға түнгі уақытта балаларын серуенге жібермеуге, олардың бос уақытын тиімді жоспарлауға кеңес берді.